Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов айлық санитарлық тазалау мен абаттандыру жұмысы аясында Ақтау қаласының "Ақбота" саябағында өткен ағаш отырғызу акциясына қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өткен жылы Ақтау қаласының әкімдігі облыс орталығының басты көрікті жерін қалпына келтіру жұмысын бастап кеткен болатын. Бұл жұмысқа жергілікті бюджеттен 190 млн теңге бөлінген.
"Оның 40 млн теңгесі 2016 жылы игерілді. Бұл қаржыға көшелерді жарықтандыру, көгалданыру, жаяужолдар, саябақ аймағы, қоғамдық әжетханалар кіреді. Негізгі су құбыры салынды, енді жарықтандыру желілерін жүргізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы жылдың наурыз айының аяғына дейін 400-ге жуық ағаш отырғызылады. Балаларға арналған аттракциондар орнатуды жоспарлап отырмыз. Алматы қаласынан дайын құрал-жабдығы бар кәсіпкер хабарласып отыр. Біз жерді кәсіпкерлерге жалға бермейміз. Саябаққа аттракциондар орнатқысы келетін бизнесмендер кәсіпкерлік бөлімімен меморандум жасауы қажет. Бұл қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс орны болады, мұнда өзге нысандар салынбайды. Мәзіріне шұбат, балқаймақ тәрізді тек ұлттық тағамдар мен сусындар кіретін шағын этноауыл секілді кафелер орнату туралы ұсыныстар бар", – дейді Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов.
Ералы Тоғжанов Ақтау қаласының әкімдігіне бір апта ішінде Астана мен Алматы қалаларынан сәулетшілерін тарта отырып, "Ақбота" аумағынан этноауыл түріндегі кафенің құрылыс жобасын жасауды тапсырды.