Алаяқтардың әдістері қиындауда, бірақ негізгі схема өзгеріссіз қалады. Жәбірленушінің телефонына "1414" қысқа нөмірінен SMS-код келеді.
Алаяқтар мемлекеттік орган, банк немесе курьерлік қызметтің қызметкерлері ретінде хабарласып, телефонына жолданған кодты айтуды сұрайды.
Осыдан кейін бірден екінші адам банк, полиция немесе ҰҚК-нің жалған қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрғандай сыңай танытады.
Кейбір жағдайларда олар тіпті бейне байланысқа шығады.
Олар алдында хабарласқан адамдар алаяқ екенін айтып, сіз айтқан 4 таңбалы сан арқылы сіздің есебіңіздегі ақшаны алып қоюлары мүмкін екенін ескертеді. Сосын несие рәсімдеуді және қаражатты "қауіпсіз шотқа" аударуды ұсынады.
Бұл алаяқтық топтың құрып алған схемасы, олар жәбірленушілердің ақшасын иемденіп, олардың атынан несие де алып жібереді.
"Енді "1414" SMS-шлюзін пайдаланатын жүйелерге тек биометриялық аутентификацияны (Face ID), электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) немесе QR-кодты (eGov QR) қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Желтоқсан айынан бастап аталған талаптарды енгізбеген жүйелер "1414" SMS-шлюзінен ажыратылды", – делінген прокуратура хабарламасында.
Бұл шаралар азаматтарды алаяқтардан қорғауды арттыруға бағытталған.
Сақтық шаралары:
– мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан SMS-тен бір реттік кодтарды, карта деректерін немесе құпия сөзді сұрамайды;
– ақша аудару үшін "қауіпсіз шот" жоқ;
– қандай да бөгде адам хабарласқан кезде абай болыңыз, деректеріңізді үшінші тұлғаға бермеңіз;
– күмән туындаған жағдайда дереу банкке немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарласыңыз;
– кибергигиена ережелерін сақтаңыз: тек ресми қосымша мен қызметтерді қолданыңыз, сілтемелер мен хабарламаларды тексеріңіз.