Биыл алғаш рет "ERTIS ARUY" байқауы ұйымдастырылды

1028

Ертіс-Баян өңірінің ең сұлу аруы анықталды.

Биыл алғаш рет "ERTIS ARUY" байқауы ұйымдастырылды

Павлодар облыстық "Шаңырақ" халық шығармашылық орталығының мұрындық болуымен өңірде алғаш рет сән-салтанат пен білім-өнеге бәйгесі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Осыдан бір ай бұрын өткен кастингке 100-ден астам бойжеткен қатысқан болатын. Бірақ байқауды ұйымдастырушылар олардың ішінен тек 16 қызды ақтық сынға іріктеп алды. Ал күні кеше көпшілік көптен күткен сұлулық байқауының соңғы мәресі өтті.

Бірден айта кету керек, байқау барысында бойжеткендердің сыртқы келбеті, бойы, сымбатымен қатар, қазақтың салт-дәстүрлерін білуі, ұлттық құндылықтардан хабардар болуы сынға алынды. Жоба ұйымдастырушыларының бірі, "Мисс Қазақстан-2016" байқауының қатысушысы Айзат Байтенованың айтуынша, ұйымдастырушылар байқаудың тәрбиелік астарына аса зор мән берді.

"Мысалы, дефиле кезінде қыздар әдеттегі сұлулық байқаулары сияқты қысқа киіммен емес, өзіміздің ұлттық киіммен шықты. "Сұрақ-жауап" айдарында оларға ел тарихында есімі алтын әріппен қалған батыр-аналарымыз туралы сауалдар қойылды. Бұл сән байқауы болған соң қазылар алқасы қатысушылардың түр-әлпеті мен сымбатына да назар аударды", – дейді Айзат Байтенова.

Қазылар алқасының шешімімен "ERTIS ARUY" аталымына Май ауданынан келген Данна Тайтуленова лайық деп танылды. Оған бағалы тастармен көмкерілген тәж бен 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Ертіс-Баян өңірінде алғаш рет ұйымдастырылған бұл байқау дәстүрлі сипат алмақ. Ал биылғы жеңімпаз бен жүлдегерлер келесі жылы өтетін "Қазақ аруы" байқауына жолдама алды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу