Биыл алты айда Қазақстанда 379 адам астан уланды

477

Олардың 141-і – балалар.  

Биыл алты айда Қазақстанда 379 адам астан уланды Фото: ortcom.kz

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 71 адамға көп. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Комитет төрағасының айтуынша, тамақтан улану деректерінің негізгі себептері – қоғамдық тамақтану орындарының санитарлық талаптарды сақтамауы. Атап айтқанда, рұқсат құжаттарының болмауы, медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлердің жұмыс істеуі, тағам өнімдерін дұрыс сақтамау және ас әзірлеу технологиясының бұзылуы жиі кездеседі.

Осыған байланысты биыл 8 қылмыстық іс қозғалды. Оның алтауы бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатса, екі іс сотқа жолданған. Сонымен қатар, тұтынуға жарамсыз деп танылған 94 келіден астам тағам өнімі айналымнан алынды.

Жыл басынан бері қоғамдық тамақтану саласындағы 20 мыңнан астам нысанның 600-і тексеріліп, санитарлық талаптарды бұзған кәсіпкерлерге жалпы сомасы 50 млн теңге айыппұл салынды. 6 нысанның қызметі уақытша тоқтатылды.

Сархат Бейсенова Ақтөбе облысындағы жаппай улану оқиғасына қатысты тергеу әлі жалғасып жатқанын айтты.

– Ақтөбе облысында барлығы 188 адам уланды, олардың бір бөлігі әлі де ем қабылдап жатыр. Тексеру барысында мейрамхананың рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегені, тағамдарды сақтау талаптарын бұзғаны және қызметкерлерінің медициналық тексеруден өтпегені анықталды, – деді комитет төрағасы.

Бұған дейін Ақтөбе облысында тойға қатысқан меймандардың жаппай астан уланғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу