Биыл ана мен баланы қолдауға МӘСҚ-дан 130 млрд-тан аса теңге бөлінді

1010

2021 жылғы 6 айда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) ана мен баланы қолдауға 130,4 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер бөлінген, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Биыл ана мен баланы қолдауға МӘСҚ-дан 130 млрд-тан аса теңге бөлінді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 
жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табыстан айырылу жағдайына МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік және босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде тағайындалады.

"2021 жылғы бірінші жартыжылдықта аталған біржолғы төлемді 114 633 болашақ ана алған: жалпы сомасы 57,3 млрд теңге. Сондай-ақ осы кезеңде МӘСҚ-дан 459 217 алушыға жалпы сомасы 73,1 млрд теңгеге 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлемдер бөлінген", - деп жазылған хабарламада.

Бұл төлемнің мөлшері соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табыстың 40%-на тең.

Төлемнің ең жоғары мөлшері – тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінің 40%-ынан аспайды: 119 мың теңге (2021 жыл). 

Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдердің тағайындалған сомаларынан міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және алушының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотына аударылады.

"МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәсілдерінің бірі азаматтар мемлекеттік органдарға жүгінбейтін проактивті формат болып саналады. Мұндай жағдайда әйелдің ұялы телефонына төлемдерді ресімдеуге қатысты sms-хабарлама келеді, соған келісім беру қажет", - деп жазылған хабарламада.

Проактивті қызмет көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысының телефон нөмірі электронды үкіметтің egov.kz порталында тіркелген.

Сонымен қатар баланың туу туралы куәлігін алғаннан кейін электронды цифрлық қолтаңба болған жағдайда 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемді электронды үкімет порталы арқылы рәсімдеуге болады.

"Бұл ретте құжаттарды қағаз нысанында беруге ыңғайлы адамдар үшін тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері арқылы өтініш берудің дәстүрлі тәсілдері де бар. МӘСҚ-дан төленетін барлық төлем туралы толық ақпаратпен www.gfss.kz сайты арқылы танысуға болады", - деп жазылған хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу