2017 жылы бәсекелес ортаға 325 нысан өткізіледі. Мұны үкімет отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
2016 жылдан бастап жекешелендірудің кешенді жоспарымен 51 млрд теңгеге 198 нысан, оның ішінде 7 млрд теңгеге республикалық меншіктің 18 нысаны, 5 млрд теңгеге коммуналды меншіктегі 95 нысан, 39 млрд теңгеге квазимемлекеттік сектордың 85 нысаны өткізілді. Қазір жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау қайта құрылған және таратылған нысандарды есепке алғанда 47%-ға жетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 2017 жылы 325 нысанды сату жоспарланып отыр, оның ішінде республикалық меншіктің 30 нысаны, коммуналды меншіктің 177 нысаны, Ұлттық холдингтердің 67 нысаны және ӘКК-тің 51 нысаны бар. 2018 жылы 61 нысанды сату көзделген.
"Самұрық-Қазына" АҚтның 18 ірі компаниясы 2019-2020 жылдары өткізіледі, оның 8 тартымды компаниясы IPO/SPO аясында жүзеге асырылады.
Айта кетейік, мемлекет басшысы "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты халыққа жолдауында үкіметке кешенді жоспар бойынша ұйымдарды жекешелендіруді жылдамдатып, 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.