Болжам: Биыл бюджет кірісі 20-25%-ға артады

1371

Оның айтуынша, өткен жылы бюджетке қосымша 1,6 трлн теңге түскен.

Болжам: Биыл бюджет кірісі 20-25%-ға артады

2022 жылы бюджет кірісі 20-25%-ға артуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ведомство дерегінше, 2020 жылы қаңтар-қарашада республикалық бюджетке 6,7 трлн теңге түсім түскен. Ал республикалық шығыстардың көлемі 13 трлн теңге болған. 

Осыған байланысты журналист министрге "Елдегі тәртіпсіздіктер бюджет түсіміне салдарын тигізуі мүмкін бе?" деп сұрақ қойды.

"Мұны "бюджет тапшылығы" деп атайды. Оны қаржыландырудың көздері бар. Биылғы бюджеттің кірісі өткен жылмен салыстырғанда 20-25%-ға жоғары болады деген болжам бар. Президенттің соңғы тапсырмаларына сәйкес табыс көзін бұдан да жоғары деңгейге көтеруге бел буып отырмыз. Министрліктің негізгі мақсаты – осыған қол жеткізу", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Ол тәртіпсіздік салдарынан бюджетте қосымша шығындар келгенін атап өтті.

"Себебі 8 өңірде қираған мемлекеттік, кәсіпкерлік ғимараттар мен инфрақұрылым бар. Біз бұл шығындарды есептеп, табыс көзін анықтап, басшылыққа есеп береміз. Кейін басшылық қандай көздерден қаражат бөлу керегін анықтайды", – деді министр.

Сондай-ақ Ерұлан Жамаубаев 2021 жылы мемлекеттік бюджетке 11,4 трлн теңге қаражат түскенін атап өтті.

"Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 17%-ға жоғары, яғни бюджетке 1,6 трлн теңге артық түсті. Оның ішінде тек республикалық бюджетті алсақ, жоспар 102,2%-ға артық орындалды. 2020 жылмен салыстырғанда бюжетке 800 млрд-қа жуық теңге қосымша түсті", – деді басшы.

Ол қосымша салықтың түсуін әкімшілендіру және және цифрландыру жұмыстарының сапалы жүргізілуімен байланыстырды.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу