Биыл дәнді дақылдар түсімі көпжылдық орташа деңгейден жоғары болады – АШМ болжамы

353

Күтілетін астық көлемі экспорт әлеуетін сақтап қалуға мүмкіндік береді.  

Биыл дәнді дақылдар түсімі көпжылдық орташа деңгейден жоғары болады – АШМ болжамы Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Осы маусымда вегетациялық кезеңдегі ауа райы жағдайлары әркелкі қалыптасты. Республиканың жекелеген солтүстік және орталық өңірлерінде жауын-шашын мөлшерінің жеткіліксіз болуы орын алып, бұл дәнді дақылдар өнімінің қалыптасуына қосымша тәуекелдер туындатты. Алдыңғы жылдары осындай ауа райы жағдайында өнімділік 8-9 центнерден аспайтын еді. Алайда, Үкімет тарапынан қабылданған шаралардың, оның ішінде жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында шаруалар қажетті агротехникалық іс-шараларды уақтылы әрі сапалы жүргізе алды. Сонымен бірге, салада егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда", – деді Азат Сұлтанов.

Мәселен бидай алқаптарын қысқарту, майлы және басқа да жоғары рентабельді дақылдардың алқаптарын ұлғайтумен қатар жүргізілуде. Осылайша, 2024 жылдан бастап майлы дақылдардың егіс алқабы 2,2 млн гектарға ұлғайып, 5,2 млн гектар болған.

АШМ мәліметінше, қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгері алқабы екі жыл ішінде 120 мың гектарға ұлғайды.

"Жүргізілген әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде егіс алқаптарының құрылымы өзгерді. Атап айтқанда, дәнді дақылдардың егіс құрылымындағы үлесі 72%-дан 66%-ға дейін төмендеді, ал майлы дақылдардың үлесі 13%-дан 18%-ға дейін өсті. Осылайша, егін жинау алаңы 24,2 млн гектар болды, оның 15,6 млн гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі. Егін жинау жұмыстары уақытылы басталды және қарқыны өткен жылдан жоғары. Бүгінгі таңда 13,5 млн гектар дәнді дақыл немесе 83%-ы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Жалпы, дәнді дақылдардың жалпы түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп болжанады", – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Азат Сұлтановтың сөзінше, күтілетін астық көлемі азық-түлік, мал азығы және тұқымға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт әлеуетін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу