Қазақстан Қарулы күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлерінде 2026 жылы 150 әскери қызметші-парамедик дайындау жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқу процесі ұрыс жағдайына барынша жақын ортада алғашқы және жедел медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгеруге бағытталған.
Алматы қаласында өткен кезекті оқу-жаттығу жиындары аясында Алматы, Қонаев және Жетісу гарнизондарынан келген 35 әскери қызметші Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығы нұсқаушыларының жетекшілігімен бір апталық курстан өтті.
"Оқу бағдарламасы тактикалық медицина бойынша теориялық және практикалық сабақтарды қамтыды. Әскери қызметшілер жараланған адамның жағдайын бағалау тәртібін, қан кетуді тоқтату тәсілдерін, постгеморрагиялық шок кезіндегі іс-қимылды, тыныс алу жолдарының өткізгіштігін қалпына келтіруді және жүрек-өкпе реанимациясының негізгі әдістерін меңгерді.
Тәжірибелік сабақтар арнайы жабдықталған жаттығу орындарында ұйымдастырылды. Қатысушылар медициналық құралдарды пайдалана отырып, өзіне және өзгеге көмек көрсету тәсілдерін пысықтады. Оқу қорытындысы бойынша әскери қызметшілер емтихан тапсырып, сертификаттар алды", – делінген министрлік ақпаратында.
Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысы басқармасының медицина қызметінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Ильзат Мусаев жарақат алған кезде болатын өлім-жітімнің басым бөлігі алғашқы он минутта орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, осы кезеңде жанында дайындалған парамедиктің болуы шешуші мәнге ие.
Әскери парамедиктерді даярлау – Десанттық-шабуылдау әскерлерінің медициналық қамтамасыз ету жүйесіндегі негізгі бағыттардың бірі. Бұл жұмыс жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған. 2023 жылдан бері аталған әскер түрінде 300-ден астам парамедик дайындалды.