Биыл дизель отынын өндіру де, тұтыну да рекордтық көрсеткішке жетті

784

Қазақстандағы жанармай бағасы Ресей нарығына тәуелді, себебі елдегі жетіспеушілікті көрші ел нарығы толықтыруда. 

Биыл дизель отынын өндіру де, тұтыну да рекордтық көрсеткішке жетті

Биылғы жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша дизель отынының бағасы бірден 8,1%-ға қымбаттады. Салдарынан литрі 199 теңгеге жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Елдегі ең жоғары баға Қостанайда тіркелген – литрі 215 теңге, ең төмені Тараз мен Семейде – 195 теңге.

Сегменттегі бағаның жыл сайынғы өсуін Қостанай (14,1%), Батыс Қазақстан (11,9%) және Солтүстік Қазақстан (10,6%) облыстарының тұрғындары қатты сезінді. Бағаның ең аз өсуі Шығыс Қазақстан облысында тіркелді (жылына 5,8%-ға).

2021 жылдың қаңтар-тамызында елімізде 3,4 млн тонна дизель отыны өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,2%-ға артық. Ең ірі өндіріс көлемі Павлодар (1,3 млн тонна, жылына +25,3%) және Атырау (1 млн тонна,+1,3%) облыстарына тиесілі. 

Анықтама үшін: жалпы алғанда, 2020 жылы республикада отын өндіру 7,1%-ға 4,7 млн тоннаға дейін төмендеді.

Сонымен қатар өндіріс көлемінің өсуіне қарамастан, республикада дизель отынының жетіспеушілігі байқалады. ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингінде Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов биыл дизель отынын өндіру көлемі 4,9 млн тоннаны құрайтынын, бұл ең жоғары көрсеткіш, бірақ сұраныс та рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті. 

"Біздің есептеулер бойынша сұраныс айына 50-60 мың тоннаға өсті. Біз дизельді қанша өндірсек те, сұраныс артып келеді. Мамыр-қыркүйек айларында дизель отынына сұраныс 2019 жылмен салыстырғанда 260 мың тоннаға, ал өткен жылмен салыстырғанда 480 мың тоннаға артты. Тамызда 519 мың тонна дизель отыны тұтынылды. Бұл тарихта болмаған. Дизель отынының экспорты наурызда, бензин экспорты қаңтарда тоқтатылды", – деді вице-министр.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу