Биыл елімізде 22,5 мың отбасы ажырасқан

344

Бұл туралы Energyprom.kz сараптамалық материал жариялады.

Биыл елімізде 22,5 мың отбасы ажырасқан Фото: pravokvadrat.kz

Басылымның мәліметінше, Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында 22,5 мың неке бұзылған. Бұл әр мың адамға шаққанда 2,2 ажырасудан келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанда 40,2 мың неке бұзылған. Бұл әр мың тұрғынға шаққанда 2 ажырасудан келеді. Тіпті ажырасу саны 1991 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жеткен 2019 жылы да көрсеткіш 3,2-ден аспаған. Сол жылы 59,8 мың неке бұзылған.

2025 жылы ажырасу саны қайта өскен. Бір жылда 45,7 мың неке бұзылып, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,7%-ға артқан. Әр мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 2,2 болды.

Өсім 2026 жылы да жалғасқан: алғашқы жарты жылда тіркелген ажырасу саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға көбейген. Атап айтқанда, 2025 жылдың қаңтар-маусымында 21,5 мың болса, биыл 22,5 мыңға жеткен.

Халық санына шаққандағы көрсеткіш нені аңғартады?

Сарапшылар халықаралық салыстыру кезінде тағы бір маңызды жайтқа назар аударған. Ажырасудың жалпы коэффициенті елдегі барлық тұрғынға шаққанда есептеледі. Оның ішінде некеге тұра алмайтын балалар да бар. Ал Қазақстанда 15 жасқа дейінгі балалар халықтың 29%-ын құрайды. Еуропалық одақта бұл үлес шамамен 15%.

Сондықтан елдерді салыстыру үшін 15 жастан асқан әр мың тұрғынға шаққандағы ажырасу санын есептеген. Талдауға БҰҰ-ның Демографиялық жылнамасы, Eurostat және ұлттық статистика органдарының 66 мемлекет бойынша деректері алынған. Негізінен 2023 жылғы мәліметтер пайдаланылған, ал ондай дерек болмаған жағдайда 2021–2022 жылдардағы көрсеткіштер ескерілген.

Осы есеп бойынша Қазақстан 66 елдің ішінде 14-орынға жайғасқан. Елімізде 15 жастан асқан әр мың адамға шаққанда 2,9 ажырасудан келеді.

Бұл көрсеткіш бойынша Ресей (5,8), Молдова (4,9), Грузия (4,7) және Беларусь (4,4) алдыңғы қатарда. Қазақстаннан жоғары көрсеткіш Мысырда (3,4) және Коста-Рикада (3,3) да тіркелген.

Ал Литвада бұл коэффициент 3, АҚШ-та 2,9, Әзербайжанда 2,8, Қырғызстан мен Түркияда 2,6 болған. Германияда 1,8, Италияда 1,5, Оңтүстік Кореяда 2, Жапония мен Мексикада 1,7 деңгейінде қалыптасқан.

Дегенмен бұл әдістің де өзіндік шектеулері бар. Есепке егде жастағы адамдар да кіреді. Олардың арасында ажырасу сирек кездесетіндіктен, халқы қартайған мемлекеттерде жалпы коэффициент біршама төмен көрінуі мүмкін. Бұған қоса, толық ресми деректері жоқ мемлекеттер, соның ішінде Африка мен Оңтүстік Азияның көптеген елдері салыстыруға енгізілмеген.

Некедегі әйелдер саны да маңызды

Сарапшылар ажырасу деңгейін бағалауда тағы бір көрсеткішті ескеруді ұсынады. Ол – некеде тұрған әр мың әйелге шаққандағы ажырасу саны. Себебі некені тек ресми немесе бейресми түрде некелік қатынаста тұрған адамдар ғана бұза алады. Ал әр мемлекетте некедегі әйелдердің үлесі әртүрлі.

2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстанда 3,7 млн әйел ресми некеде тұрған. Бұл – 15 жастан асқан әйелдердің 52,4%-ы.

Салыстыру үшін айтсақ, Германияда некедегі әйелдердің үлесі 48,1%, Латвияда 39,9%, Швецияда 38,5%, Ресейде 48,7% болған. Ал Жапония (54%) мен Оңтүстік Кореяда (55,2%) бұл көрсеткіш Қазақстаннан жоғары.

Осы деректерді негізге алып есептегенде, 2023 жылы Қазақстанда некедегі әр мың әйелге шаққанда шамамен 10,8 ажырасудан келген.

Бұл Ресейдегі көрсеткіштен (21,1) екі есе аз. Сондай-ақ Латвияда (15,3), АҚШ-та (14,4), Эстонияда (12,9), Швецияда (12,7), Литвада (12,3) және Финляндияда (11,9) ажырасу деңгейі Қазақстаннан жоғары болған.

Ал Чехия мен Венгрияда бұл көрсеткіш 9,4, Мексикада 9,3, Түркияда 8,4, Оңтүстік Кореяда 7,5, Германияда 7,3, Жапонияда 6,1 және Италияда 6 деңгейінде тіркелген.

Осылайша, некедегі әйелдердің үлесін ескергенде, Қазақстанның ажырасу көрсеткіші Солтүстік Еуропа мен Балтық жағалауы елдерінің деңгейіне жақын. Дегенмен мұндай салыстыруды жүргізу үшін некедегі әйелдердің саны туралы санақ немесе ресми тіркелім деректері қажет. Сондықтан зерттеуге тек 22 мемлекет енгізілген.

Өңірлердегі жағдай қандай?

Еліміздің өз ішінде де ажырасу көрсеткіші біркелкі емес. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы дерегіне сәйкес, 15 жастан асқан әр мың тұрғынға шаққандағы ажырасу саны Қарағанды және Павлодар облыстарында ең жоғары болған. Екі өңірде де көрсеткіш 4,4-ке жеткен. Солтүстік Қазақстан облысында 4,1 тіркелген.

Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында – 1,6. Алматы облысында 2,3, Шымкент қаласында 2,7 болған.

Ажырасудың жалпы саны бойынша ірі қалалар алдыңғы орынға шыққан. Алматыда бір жылда 5 мың, Астанада 4,2 мың неке бұзылған.

Айта кетейік, ресми статистикаға АХАТ органдарында тіркелген некелер мен АХАТ немесе сот шешімі арқылы бұзылған некелер ғана кіреді. Ал 2021 жылғы халық санағы кезінде тағы 460 мың әйелдің ресми тіркелмеген некеде тұрғаны анықталған. Мұндай отбасылық одақтар мен олардың ажырасу жағдайлары ресми статистикада есепке алынбайды.

Түйіндей айтқанда, Қазақстан әлемде ажырасу бойынша екінші орында деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ресми деректерге негізделген салыстыру еліміздің көрсеткіші халықаралық рейтингте алғашқы ондыққа да кірмейтінін көрсетеді.

Ал некедегі әйелдердің үлесін ескергенде, Қазақстанның деңгейі Солтүстік Еуропа мен Балтық жағалауы елдерінің көрсеткіштерімен шамалас.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу