Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы тұрғындарымен кездесуі барысында "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясын ерекше тілге тиек етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы орайда, "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясын айрықша атап өткім келеді. Биыл елімізде 335,6 миллион ағаш егілді. Расында, осы бірегей жоба халықтық сипатқа ие болды, еліміздің болмысын, сана-сезімін өзгертуге зор ықпал етті.
Мен өзім осы жалпыұлттық қозғалысқа ерекше мән беріп отырмын. Таза болу дегеніміз, бұл – өте терең, маңызды ұғым. Бұл – ең алдымен, көшелеріміз, үйлеріміз, пәтеріміз таза болуы керек деген сөз. Ниетіміз де әрқашан таза болуы қажет. Кең даламызда жасыл желек, ағаш көп өсуі керек. Түптеп келгенде, тазалық – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы қажет", – деді Президент.
Жалпы, осы жыл Қазақстан үшін нағыз өрлеу жылы болды деп айтсақ, артық болмайды.
"Оқушыларымыз түрлі білім додасынан 1 мыңнан астам медаль алды. Спортшыларымыз ел мерейін өсіріп, көк байрағымызды биікте желбіретті. Өнерлі өрендеріміз төл мәдениетімізді төрге оздырды. Жер жүзі халқымызды рухы биік әрі озық ойлы ұлт ретінде тани бастады", – деді Мемлекет басшысы.