Биыл елімізде ашылған ТОП10 өндіріс орнының тізімі

712

Үкімет басшысының ресми ақпараттық ресурсы 2022 жылы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында Қазақстан экономикасының түрлі секторларында іске қосылған 10 өндіріс орнының тізімін жариялады, деп жазады inbusiness.kz.  

Биыл елімізде ашылған ТОП10 өндіріс орнының тізімі Фото: primeminister.kz

Тізімде, кәсіпорындардың қайда орналасқаны, қандай өнім шығаратыны және қуаттылығы туралы ақпарат берілген. Алайда, әр жобаның жалпы құнына, инвесторлары мен мемлекет тарапынан қанша қаражат бөлінгеніне қатысты мәлімет берілмепті. Дегенмен, ақпаратқа сәйкес, "мемлекет "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ арқылы соңғы 25 жылда жалпы сомасы 10,3 трлн теңгеден асатын 180 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетіпті. 

"Сонымен қатар елімізде қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық қолдау шараларынан бөлек, жалпы бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет негізсіз қойылатын талаптар мен тексерулердің күшін жою, салық рәсімдерін жеңілдету, кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін жаңа ынталандыру шараларын қабылдау бағытында да мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруде", делінген ақпаратта.

Мемлекет қолдауымен биыл ашылған ТОП10 өндіріс орнына кіретін кәсіпорындар тізімі мынадай:

"Оңтүстік" Шымкент индустриялық аймағында "QazAlPack" ЖШС алюминий банкалар мен сусындарға арналған қақпақ түрлерін шығаратын зауыт ашылды. Оның қуаттылығы жылына 750 млн жиынтық өнімді құрайды. Өндіріс желісінің жылдамдығы секундына 50 банка немесе минутына 3000 қақпақ шығаруға мүмкіндігі бар. Жоба АҚШ-тың ең озық қондырғыларымен жабдықталған.

Ақтөбедегі керамикалық гранит пен керамика тақтай және басқа да құрылыс материалдарын шығаратын тағы бір жаңа зауыт ("Зерде-Керамика Ақтөбе" ЖШС). Бұған дейін компания Шымкентте осы тектес кәсіпорынды іске қосқан. Бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауымен жабдықтар сатып алынып, екіншісі зауыттың құрылысы аяқталды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 5 млн шаршы метр тақтай шығаруға жетеді. Алдын ала бағалаулар бойынша, зауыт өнімдері Қазақстанның керамикалық тақтайға деген қажеттілігін толықтай қамтиды. 

"Грант-Ют" ЖШС Алматыда аяқ киім өндірісін жолға қойды. Кәсіпорын бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерінің көмегімен жұмыс істеп тұрған фабриканың аумағын жаңғыртып, кеңейтті. Қазіргі уақытта компания жыл сайын табиғи шикізаттан 120 мың жұпқа дейін сапалы әрі жайлы аяқ киім шығарады. Өнім толықтай дерлік еліміздің ішкі нарығына жіберіледі. 

Сондай-ақ 2022 жыл қарсаңында Қостанай облысында "BEEF EXPORT Group" ЖШС жаңа ет өңдеу комбинатының құрылысы аяқталды. Ол Халал нормалары бойынша және халықаралық экостандартқа сәйкес ет өнімдерін өндіруге бағытталған. Кәсіпорын тәулігіне 23 900 кг ет өнімдерін өндіреді.
Шығыс Қазақстан облысында қуаттылығы жылына 200 мың тоннаға дейін жететін "Altyn Shyghys" ЖШС өсімдік майын шығаратын зауыт ашылды. Кәсіпорын Болгария, Түркия, Германия, Нидерланд және Украина елдерінен әкелінген заманауи қондырғыларымен жабдықталған, өндіріс қалдықсыз жұмыс істейді және толықтай автоматтандырылатын болады. 

Ұлытау облысында "Қазтехфильтр" ЖШС жоғары еуропалық стандарттар бойынша ауа сүзгіштерінің элементтерін өндіруді жолға қойды. Компания автомобильдер мен тоңазытқыш қондырғыларына арналған ауа фильтрлерінің түрлерін, сондай-ақ 2ТЭ116 тепловоздарына арналған май фильтрлерін шығарады.

Биыл "Қазмұнайхим" ЖШС "Павлодар" АЭА аумағында  жоғары технологиялық заманауи жабдықтармен жарақтандырылған мұнай өңдеу мен мұнай өндіруге арналған қоспалар мен реагенттер шығаратын зауытты пайдалануға берді. Сонымен қатар компания су тазартатын реагенттер шығарады.  Бұл – Қазақстандағы мұнай-химия өнімдерін жасап шығаратын толық циклді алғашқы өндіріс. Оның қуаты – жылына 30 мың тонна реагенттер мен қоспалар. Бұрын республиканың мұнай-газ саласына арналған химиялық реагенттердің 95%-ы шетелден әкелінетін. 

2022 жылы Алматы облысында бройлер етін өндіру және қайта өңдеу бойынша толық циклді құс кешені ашылды ("Прима Құс" ЖШС). Оның қуаттылығы жылына 35 мың тонна өнімді құрайды. 

Жаңа жобалар ондығына Алматыдағы "QUWATT" ЖШС-нің электр жабдықтары мен құрамдас бөлшектерін шығаратын кәсіпорын.
Абай облысындағы "Қазполиграф" ЖШС буып-түю материалдарының кең спектрін шығаратын Қазақстандағы ірі өндіріс орны.


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу