Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Биыл алқаптардан 3 млн тоннаға жуық картоп жиналды. Тұтынудың медициналық нормасына сәйкес, ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ету үшін 2 млн тонна картоп қажет. Өздеріңіз де білесіздер, өткен жылы картопымызға үлкен сұраныс болып, бұл жайт ішкі нарықтағы бағаға әсерін тигізген болатын. Сондықтан ұйымдастырылған шаруашылықтар биыл өткен жылға қарағанда картопты көбірек көлемде екті. Соған орай жиналған 3 млн тонна өнім ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етумен қатар бір бөлігін экспортқа жіберуге де жеткілікті, – деді вице-министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол ішкі нарықта картоп жеткілікті болғанмен маусымаралық кезеңде импортталатынын жасырған жоқ. Бірақ оның көлемі жылдан жылға азайып келе жатқанын айтты.
– Статистикадан көріп отырмыз, картоп импорты жыл сайын қысқарып келе жатыр. Өткен жылдың қорытындысында осы маусымға шамамен 15 мың тонна әкелдік. Бұл үлкен көлем емес. Бір кездері 50-60 мың тонна картоп әкелетінбіз, – деді Азат Сұлтанов.