Жаңғырту нәтижесінде жол төрт жолақты болады, бұл оның өткізу қабілетін арттырып, жол қауіпсіздігін күшейтіп, сапар уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба ұзындығы 122 шақырымды құрайтын учаскені толық реконструкциялауды қамтиды. Қаржыландыру Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі бөлетін қарыз қаражаты есебінен мақұлданған. Қазіргі уақытта мердігер ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, жобаға дайындық жұмыстары толық аяқталған.
– Жер учаскелеріне және карьерлерге қатысты барлық мәселелер жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен шешілді. Конкурстық рәсімдер аяқталғаннан кейін мердігер анықталып, сәуір айының соңына қарай құрылыс-монтаж жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр, – деді ол.
Жобаның басты ерекшелігі – жаңа тәсілдің қолданылуы. Конкурстық рәсімдер "жобалау, құрылыс және пайдалану" қағидаты бойынша өткізіледі. Жүргізушілерге қолайсыздық туғызбау үшін көлік қозғалысы уақытша айналма жолдарға бағытталмайды. Алдымен қолданыстағы трассаның бойымен қатар жаңа екі жолақты жол салынады. Ол пайдалануға берілгеннен кейін көлік қозғалысы сол жолға ауыстырылып, содан соң қазіргі жол жамылғысын жаңғырту жұмыстары басталады. Нәтижесінде автожол толыққанды төрт жолақты магистральға айналады.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Қарағанды облыстық филиалының директоры Думан Қалабиевтің айтуынша, жоба аясында жол инфрақұрылымы да кешенді түрде жаңартылады. Атап айтқанда, алты көпір реконструкцияланып, 130-дан астам су өткізу құбыры орнатылады. Сонымен қатар көлік айрықтары мен кері бұрылуға арналған жолақтар салынып, демалыс алаңдары мен автобус аялдамалары жабдықталады.
Сервистік алаңдарда эстакадалар, санитарлық-гигиеналық тораптар және жылы дәретханалар қарастырылады.
Автожолды реконструкциялау жұмыстарын 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланған.
Жобаның іске асуы өңірлер арасындағы көлік қатынасының қолжетімділігін арттырып, жол қозғалысы қауіпсіздігін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.