Биыл Қазақстанда ішкі туристердің саны 9 млн-ға дейін жетеді деп болжануда

403

Еліміздегі қонақ үйлер саны 4 мыңға жуықтады.

Биыл Қазақстанда ішкі туристердің саны 9 млн-ға дейін жетеді деп болжануда Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтың төрағалығымен өткен кеңесте туристік маусымға дайындық және курорттық аймақтарды дамытудың проблемалық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Пандемиядан кейін елдегі туризм саласы қалпына келді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 1,7 млн адамға артып, 8,6 млн-ға жетті. Биыл ел ішінде демалуға шешім қабылдаған қазақстандықтардың саны 9 млн адамға жетуі мүмкін деп болжануда.

ҚР Мәдениет және спорт министрінің деректеріне сай еліміздегі қонақ үйлер саны 4 мыңға жуықтады. Олар бір уақытта 203 мыңнан астам демалушыны қабылдай алады.

Туризм саланың дамуына кедергі келтіретін проблемалық мәселелердің бірі – жолдардың сапасы. Кеңесте Алматы – Өскемен, Астана – Балқаш – Алматы, Қызылорда – Жезқазған автожолдарын жөндеуді тезірек аяқтау қажеттігі айтылды, бұл осы өңірлердің курорттық аймақтарына туристерді көбірек тартуға мүмкіндік береді.

Алакөлдің әуе қатынасы бойынша қолжетімділігін арттыру үшін рейстердің жиілігін көбейтіп, тасымалдауға неғұрлым кең әуе кемелерін тарту тапсырылды. Бұл шаралар ұшақпен саяхаттайтын қазақстандықтардың санын едәуір арттырады деп күтілуде.

"Республикада туристерді қызықтыратын көптеген әдемі орындар бар. Мемлекет басшысының ерекше назарын, сондай-ақ халық пен бизнестен түсетін мәселелерді ескере отырып, қызмет көрсету сапасын жақсарту, инвестицияларды ұлғайту қажет. Туризм саласының әлеуеті зор. Оның дамуы жаңа жұмыс орындарын ашады және бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтады", — деді Алтай Көлгінов.

Премьер-Министрдің орынбасары барлық теміржол бағытын сапалы жылжымалы құраммен қамтамасыз етуді тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер туристік маусымға сапалы дайындалу қажеттігіне, өңірлік бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға баса назар аударды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу