Биыл Маңғыстау облысында 13 мыңнан астам оқушыны қамтитын 14 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 12 600 орындық 13 мектеп, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың демеушілік қаражаты есебінен 1200 орындық 1 мектеп қолданысқа берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2024 жымен салыстырғанда үш ауысымда оқитын мектептердің саны 7 бірлікке қысқарып, 10 мектептен 3 мектепке дейін азайды.

"Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасы бойынша 588 орындық екі мектепке қосымша жапсарма салу жұмыстары жүргізіліп, Жаңаөзен қаласы мен Түпқараған ауданында аталған нысандар пайдалануға берілді.
Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған Ақтау мен Мұнайлыда әрқайсысы 150 орындық 2 балабақшаға жер телімдері бөлініп, олардың құрылысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы бастау жоспарлануда.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес спортта дарынды балаларға арналған 300-ге жуық жас спортшыға білім беретін мектеп-интернат- колледжі пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысының медициналық инфрақұрылымды дамыту тапсырмасына сай биыл Мұнайлы ауданында 150 төсектік аурухана, облыстық онкологиялық орталықтағы позитронды эмиссиялық томография орталығы, Бейнеу ауданындағы "Қамқорлық" оңалту орталығы пайдалануға берілді. Ақтау қаласында жаңа жедел жәрдем станциясының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ облыс әкімінің қолдауымен маңғыстаулық дәрігерлер шет елдерде тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырды.