Биыл Маралдының жағасында 50 мыңға жуық адам демалды

968

Өткен жылы 60 мың адам келген болатын. 

Биыл Маралдының жағасында 50 мыңға жуық адам демалды

Биыл Маралды көліне демалуға келгендердің саны былтырғыдан аз болды. Бұл туралы баспасөз жиынында Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Биыл Маралды көлінің жағасында 50 мыңға жуық адам демалды. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан төмен. Ол ауа райымен байланысты деп ойлаймыз. Біз облыс әкімінің тапсырмасымен Маралды тұзды көлі және "Шалдай" курорттық аумағына қатысты туризмді дамытудың 3 жылдық жоспарын жасап қойдық. Жоспар бойынша, Маралды көліне келетін туристердің санын 2023 жылға дейін 150 мыңға жеткізбекпіз",– дейді Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов.

Еске салайық, Маралды көліне 2018 жылы 60 мың адам келген болатын. Ал, 2017 жылы 35 мың турис демалған.

Спикердің айтуынша, Маралды көліндегі демалыс орнын дамыту үшін биыл инвестор 150 млн теңге жұмсаған.

"Курорт Маралды" ЖШС көлдегі туризмді дамытумен жұмыс жасайды. Биыл инвестор қомақты қаржы салды. 3 жаңа дәмхана салынды. Алдағы уақытта құзырлы басқарма арқылы тұщы көлді де жеке иелікке беріп, онда балық аулауды дамытпақпыз", – деді аудан әкімі.

Әзілхан Әбеуовтің айтуынша, көлге жақын Көлбұлақ ауылының тұрғындары да демалуға келген адамдарға үйін жалға беріп, пайда таба бастаған.

"Сонымен қатар, жоспар бойынша "Қазавтожолмен" келісіп қойдық. Маралды станциясының маңындағы республикалық жолдың бөлігі жөнделеді. Жол жарықтандырылып, электр жүйесі мен су тартып, жол бойындағы сервисті дамытпақпыз", – деді Әзілхан Әбеуов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу