Қазіргі уақытта "Отбасы банкте" 3,4 миллион қазақстандықтың баспана алу үшін қаражат жинап жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бір жылдың аралығында 1 миллион жаңа депозиттің ашылуы – банк тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
2025 жылы "Отбасы банктің" 74 386 клиенті баспаналы болған. Сонымен қатар, әрбір үшінші қарыз алушы өмірінде алғаш рет үй иесі атанған.
– 2000 жылдардың басынан бері Қазақстанда жыл сайын шамамен 250 мың бала дүниеге келіп отырды. Солардың көпшілігінің ата-анасы алғашқы пәтерін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы сатып алғанын біліп өсті. Ал бүгінде сол салымшыларымыздың балалары өздеріі депозит ашып, оны белсенді түрде толықтырып, жеке баспанаға қол жеткізуді армандап жүр. Олар банкпен бірге өсіп келеді. Біз жинақ жүйесінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ондаған жыл бойы тиімді жұмыс істеп, бір отбасының артынан екіншісіне өмірдегі ең маңызды мақсаттардың бірі – баспана сатып алуға көмектесіп отырғанын көріп отырмыз. Дәл осы мақсат жолында "Отбасы банк" әр буын үшін сенімді бола отырып, дамуын жалғастырып, үнемі жаңарып келеді, – деді "Отбасы банк" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
"Корпоративтік" өнім және жалдау-жинақтау механизмі де жүзеге асырылып келеді. Осының арқасында зауыттарда, фабрикаларда және түрлі кәсіпорында еңбек ететін 500-ден астам қызметкер өз жұмыс берушілерінің және "Отбасы банктің" қолдауымен қоныстойын атап өтті.
2025 жылы банк тұрғын үй салу және сатып алу мақсатында берілген жалпы қарыз көлемінде 57% үлеске ие болған. "Отбасы банк" Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер арасында активтер бойынша төртінші, өз капиталы бойынша бесінші орынға ие. Банктің жыл соңындағы несиелік портфелі – 3 994 413 млн теңге.