Биыл тағы 32 мың қазақстандық табиғи газға қосылады

235

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.  

Биыл тағы 32 мың қазақстандық табиғи газға қосылады Фото: ЖИ

Қазақстанда газдандыру бағытында жобалар қолға алынып, қолданыстағы инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Бұл халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті. Яғни, елдегі 20,5 миллион тұрғынның 13,1 миллионы табиғи газға қосылған. Батыс өңірлердің барлығында, Жамбыл облысында, Алматы мен Шымкент қалаларында тұрғындардың 90%-дан астамы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ал Алматы, Қызылорда, Түркістан, Қостанай және Жетісу облыстарында бұл көрсеткіш 60-90% аралығында. Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында газдандыру деңгейі 60%-дан төмен.

Биыл да газдандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын тапты. Газ құбырларын дамытуға республикалық бюджеттен 27,3 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында жыл соңына дейін тағы 32 мың адамды табиғи газға қосылып, газдандыру деңгейі 64,3%-ға жетуі тиіс.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі салынып жатыр. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін жылына 10 млрд текше метр газ тасымалдайтын құбырдың негізгі бөлігі аяқталады.

Күні кеше Жамбыл облысында газ тарату стансасының құрылысы аяқталуға жақын екені хабарланды. Қайтарылған активтер қаражаты есебінен жүзеге асып жатқан жобаның игілігін 80 мыңнан астам тұрғын көреді деп күтілуде. Бұл мақсатқа Арнаулы мемлекеттік қордан 2,9 млрд теңге бөлінген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу