2025 жылы педагогикалық мамандықтар инженерлік бағыттарды басып озып, Қазақстандағы талапкерлердің негізгі таңдауына айналды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2025-2026 оқу жылында педагогика ғылымдары саласындағы бағдарламаларға әрбір төртінші талапкер немесе барлық оқуға тапсырғандардың 25,4% түсті. Ал инженерлік, өңдеу және құрылыс бағыттарын бірінші курс студенттерінің 16,3%-ы таңдады.
Үшінші орынды бизнес, басқару және құқықпен байланысты мамандықтар иеленді – 14,1%. Сондай-ақ, талапкерлердің 11,3%-ы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына тапсырған.
Биылғы оқу жылында ЖОО-ға 208,9 мың адам қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,7%-ға артық.
Ал, студенттердің жартысына жуығы мемлекеттік жоғары оқу орындарында (49,9%), тағы 49,5% – жекеменшік, 0,6% – шетелдік білім беру ұйымдарында оқиды. Бұл ретте жоғары оқу орындарының 42,2%-ы мемлекеттік меншікте, 56%-ы жеке меншікте, тағы 2 жоғары оқу орны шетелдік меншік нысанына жатады.
Шетел азаматтарының арасында елімізде жоғары білім алуды көбінесе Түркіменстан, Өзбекстан, Қытай, Үндістан және Ресейден келген студенттер таңдайды.