Аталған жұмыстар былтыр көктемгі өр суын теңізге кедергісіз өткізу мақсатында басталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өңірде төтенше жағдай жариялануына және облыс әкімінің тапсырмасына байланысты жоба-сметалық құжатсыз іске асырылған.
Жоспарға сәйкес, 13 шақырым аумақ 3 метрге дейін тереңдетіліп, арнаның ені 20 метр болуы тиіс еді. Жұмыстар толық орындалғанымен, оның 3 шақырымына топырақ қайта жиналып қалған. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, түп тереңдету нәтижесінде теңіз маңында жасанды канал пайда болған.
Оның сөзінше, Каспий теңізінің деңгейі жыл сайын төмендеп бара жатқандықтан, Жайықтың арнасын ұзартуға тура келіп отыр. Қазылған топырақ судың шайып кету қаупіне байланысты бір жақ бетіне жиналған. Бұл тәсіл теңізден балықтың өзенге өтуіне және кемелердің теңізге шығуына мүмкіндік берген. Былтыр жұмыстар ауа райының қолайсыздығына байланысты теңіз жағынан тоқтатылған. Ал судың лайлануынан бітеліп қалған 3 шақырым арнаны мердігер мекеме биыл қайта қазып, жұмысты аяқтамақ.
Қаржыландыруға келсек, 2024 жылы мердігерге аванс ретінде 700 млн теңге төленген. Былтыр қосымша қаражат бөлінбеген. Жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеу жыл соңына дейін созылған. Жалпы жобаның құны шамамен 2 млрд теңгені құрайды.