Биыл Жетісу облысында 71 мың тонна қант өндіріледі

Облыстың қажеттілігі 11 мың тонна, қалғанын басқа аймақтарға тасымалдайды. 

Биыл Жетісу облысында 71 мың тонна қант өндіріледі Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы елордада есеп берген өңір басшысы Бейбіт Исабаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оның сөзінше, өңірдегі ауыл шаруашылығы шикізатының шамамен 35 пайызы облыстағы кәсіпорындарда қайта өңделеді. Соңғы 3 жыл бойы тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, қайта іске қосылған.

"Қызылшаны субсидиялау тоннасына 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. 15 мың теңгесін зауыт береді, сонда бір тоннаға 40 мың теңге субсидия беріліп отыр. Нәтижесінде қант қызылшасы себілген алқап 2 есе көбейтіп, 8 мың га құрады. Биыл қант зауыттарына 330 мың тонна тәтті түбір өткізіліп, жыл соңына 42 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Бұған қоса, қант құрағынан 29 мың тонна қант өңделеді. Барлығы 71 мың тонна өндіреміз. Облыстың қажеттілігі 11 мың тонна, қалғанын басқа аймақтарға береміз", – деп баяндады өңір басшысы. 

Жалпы, облыста ірі жобалар бойынша алдағы екі жылда 25 млрд теңгеге 10 жоба іске асыру жоспарланған. Соның ішінде, "Ауыл аманаты" жобасы аясында республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлініп, толығымен игерілді.

"Ал жоғары өнімділікті дақылдар алқаптарын ұлғайту мақсатында су шаруашылығы нысандарын көбейту көзделген. Бүгінде 16 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленеді, оның 7-еуі жаңа су қоймасы. 3-5 жылда 48 мың га жерді сумен қамтамасыз ету жақсартылып, тағы 20 мың га жаңа суармалы жер экономикалық айналымға енгізілетін болады", – деді Бейбіт Исабаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу