Жетісу облысында биыл 97 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ауыл шаруашылығы алқаптарының ең үлкен бөлігі Ақсу ауданына тиесілі. Мұнда игерілмей жатқан 33 мың гектар жайылым, шабындық пен егістік жер анықталып, мемлекет қорына өткізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыстық жер қатынастары басқармасының дерегінше, бұдан кейінгі ірі көлемдегі жерлер Алакөл мен Кербұлақ аудандарында орналасқан. Пайдаланылмай жатқан бұл жер телімдері келесі жылы ауыл тұрғындарының қоғамдық қолданысына берілмек немесе ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып жүрген шаруашылықтарға конкурстық негізде үлестіріледі.
Облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы Аман Айдынұлының айтуынша, өңірде 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 598 мың гектар жер қайтарылған. Оның 418,6 мың гектары қайта айналымға енгізілді.
"Қайтарылған жердің шамамен 150 мың гектары – жеке аулалардағы мал жаюға арналған жайылымдар. Ал 270 мың гектардан астам жер фермерлікпен және шаруа қожалығымен айналысамын деген азаматтарға конкурстық тәртіппен берілді", – деді Аман Айдынұлы.