Ауа райының қолайлылығының арқасында диқандар өңірдегі он аудан мен қаланың жетеуінде белсенді жұмыс бастап кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл жалпы егіс алқабын 511,8 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Соның ішінде 387 мың гектары көктем мезгілінде егіледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін сүдігер жердің 43,3 мың гектарында ылғал жабу жұмысы жүргізілді, 19,2 мың гектар алқап тырмалып, 21,8 мың гектар жер жыртылды.
Қазіргі таңда 2 275 гектар жерге дақыл себілді. Оның ішінде бидай, арпа, мақсары және көпжылдық шөптер бар. Жұмыстар Ескелді, Көксу, Кербұлақ және Панфилов аудандарында жүргізілуде.
Қант қызылшасын егу 5 сәуірде басталған, 10 мамырға дейін аяқталмақ. Бұл науқанға 124 сепкіш дайындалған. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына 20,3 мың ауыл шаруашылығы техникасы толық жөндеуден өткен.
Сонымен қатар диқандарды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету жұмыстары қатар жүргізілуде. Қазіргі уақытта 391 шаруа қожалығы 18,7 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алды. Бұдан бөлек, жеткізушілер тарапынан 1,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны алынған.
Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекет тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетілуде. "Кең дала 2" бағдарламасы аясында биыл көктемгі дала жұмыстарына 10,8 млрд теңге бөлінді. Қазірдің өзінде 178 шаруашылық жеңілдетілген несие алу мүмкіндігін пайдаланған.
"Jetisu agro complex" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Санияздың айтуынша, шаруашылықта жұмыс жоспарға сай атқарылуда.
"Қазір тырмалау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жалпы егіс көлемі 1400 гектар. Күнбағыс, соя, жүгері және қант қызылшасын егуді жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылық минералды тыңайтқыштар және арзандатылған дизель отынымен толық қамтамасыз етілді", — деді ол.
Жалпы облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына 240 шаруашылық 7,3 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Тұқым, жанар-жағармай және тыңайтқыштар сатып алу жалғасуда. "ҚазАгроҚаржы" филиалына 4,5 млрд теңгеге өтінім беріліп, 1,5 млрд теңгеге 53 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.
Айта кетейік, Жетісу облысында ауыл шаруашылығы өндірушілерін тұқым, тыңайтқыш, отын және техникамен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл көктемгі дала науқанын уақытылы әрі сапалы өткізуге мүмкіндік береді.