Биылғы Рамазан айында бірқатар шара онлайн режиміне ауыстырылды

1106

Құран Хатым дұғасы онлайн оқылады, Muslim.kz истаграм парақшасы арқылы батаға қатысу рәсімі ұйымдастырылады. 

Биылғы Рамазан айында бірқатар шара онлайн режиміне ауыстырылды

Алдағы Рамазан айында бірқатар шара онлайн режиміне ауыстырылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді. 

"Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы. Онлайн режимде насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы қасиетті рамазанда жамағаттың игілігі үшін мынандай жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының www.muftyat.kz сайтынан "Рамазан энциклопедиясы" қосымша парақшасы қосылып отыр. Елміздегі облыс орталықтары мен аудан, қалалардың, кенттердің Рамазан кестесі қазақ және орыс тілдерінде www.muftyat.kz сайтына орналастырылды", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар Бас мүфтидің айтуынша "Хикмет ТВ" студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдар мен ұстаздардың "Отыз күнге – отыз уағыз" атты онлайн жоба дәрістері жүргізіледі. 

"Хикмет ТВ" студиясы арқылы Рамазан айында күн сайын Республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің қабырғасында күніне бір сағат арнайы онлайн-хатым оқылып, қасиетті Қадыр түнінде Құран Хатым дұғасы жасалады", – деді ҚМДБ төрағасы.

Бұдан бөлек muslim.kz истаграм парақшасы арқылы күнделікті әр 15 минут сайын Республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің қабырғасында онлайн режимде дұға жасалады.

"muslim.kz истаграм парақшасы арқылы имамдармен бір толқында дұға жасауға ниеттелген жамағаттың игілігі үшін Рамазан айының бірінші күнінен бастап, күнделікті әр 15 минут сайын Республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің қабырғасында "Батамен ел көгерер" атты онлайн режимде дұға жасап, батаға қатысу рәсімі ұйымдастырылады", – деді Бас мүфти. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу