Биылғы Жолдаудың біріктіруші идеясы – цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту

194

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының басты өзегі – цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу.   

Биылғы Жолдаудың біріктіруші идеясы – цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту Фото: akorda.kz

Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Президент экономиканың түрлі салаларына цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізу міндетін қойды. Бұл қадамдардың барлығы жинақтала келіп, Қазақстанның жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясына біріктіріледі.

Ол Қазақстан жаңа технологияларды дамыту мен енгізуде кешенді әрі жүйелі шешім қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі екенін атап өтті. "Бұл ретте еліміз болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді", – деп қосты Мемлекеттік кеңесші.

Сонымен қатар Ерлан Қарин Жолдауда айтылған саяси бастамаларға да тоқталды. Оның сөзінше, ұсынылған парламенттік реформа президенттік саясаттың "Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет" формуласын дамыта түседі.

"Референдум өткізу тәжірибесі Президенттің ел болашағын айқындайтын түйінді мәселелерді тек қана қоғаммен келісе отырып шешетініне дәлел болды. Мемлекет басшысы әрдайым алдағы саяси жоспарларын алдын ала әрі ашық жариялап келеді. Сондықтан бұл жолы да әңгіме Конституцияға жедел өзгерістер енгізу немесе Парламент сайлауын өткізу туралы емес. Басты мақсат – саяси жүйенің институционалдық негіздерін нығайту", – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, Президент жан-жақты талқылауды қажет ететін дәйекті әрі бірізді реформаларды қолдайды. Осылайша Қазақстан кезең-кезеңімен саяси жаңғырудың үлгісін тағы да көрсетіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу