Франция президенті Эммануэль Макрон немістің Frankfurter Allgemeine Zeitung газетіне берген сұхбатында Еуропа Ресейдің қаупін жеткілікті деңгейде бағаламағанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
"Ресей біздің ұжымдық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп отыр. Ол мұны сайлау науқандарына араласу, кибершабуылдар, оппозиция өкілдерін өлтіру және миграциялық қысымды қару ретінде пайдалану арқылы жасап отыр. Ресей біздің әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерімізді сынап жатыр, олар өздерінің ядролық доктринасын өзгертті. Біз ресейліктердің қоғамға жалған ақпарат тарату арқылы қаншалықты әсер етіп жатқанын жете бағаламай отырмыз", – деді Франция басшысы.
Оның айтуынша, Еуропа елдерінің ашық қоғамы ақпараттық соғысқа келгенде өте осал.
"Ресейлік құпия армияның біздің демократиямызда орналасып жатқанын байқамасақ, онда біз аңқаумыз. Олар цифрлық боттар деген атауға ие. Олар Францияда, Германияда және жалпы Еуропада демократияны манипуляциялап жатыр", – деді Макрон.
Франция президенті Ресейге қарсы санкциялар жақсы жұмыс істейтінін жеткізді. Оның сөзінше, Батыс Ресейдің шамамен 800 белсенді кемеден тұратын көлеңкелі флотына ден қоюы қажет. Макрон бұл кемелер санкцияларды айналып өтіп жүргенін айтты.
"Біз бәріміз күш біріктіріп, осы кемелерді бақылап, тоқтатып, Ресей экономикасына келетін шығынды арттыруымыз қажет. Біз Украина әскеріне қысқа мерзімді көмек көрсетуді жеделдетуіміз керек", – деді Эммануэль Макрон.