Бізде жемқорлық туыстық қатынастардың көлеңкесінде жүреді – Ермек Тұрсынов

1412

Бұл туралы режиссер Алматыда өтіп жатқан "Адалдық алаңы: сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа форматы" форумында айтты.  

Бізде жемқорлық туыстық қатынастардың көлеңкесінде жүреді – Ермек Тұрсынов

Танымал режиссер Ермек Тұрсыновтың пікірінше, отандастарымызға тамыр-таныстыққа жүгінуді қою керек. 

"Бізде жемқорлық достық, туыстық қатынастардың көлеңкесінде жүреді. Бүгінде қалаға келген адамдар бірден таныстарын, туыстарын іздей бастайды. Яғни, барлығы бір үлгімен жүреді. Бірде бір британдыққа Оксфордтан туыс іздеу туралы ой келмейтін шығар. Бұл үлгі бізге мұрагерлікпен қалған. Сондықтан Илон Маск ғарышка ракета ұшырып жатса, біз бұл уақытта ескіріп қалған мәселелерді шешіп отырамыз",– деді режиссер. 

Ермек Тұрсыновтың ойынша, бұл кеселден арылу үшін халықтың ой-өрісін өзгерту керек. Себебі бюджет қаражатына қол салу болашақ ұрпағымызға әсер етеді. 

"Егер бюджет қаржысына қол салсаң, сен өзіңнің немерелеріңді тонап жатқаның. Неге олай? Ол ертең осы сол бюджеті ұрланған мектепке барады, сол көшелермен жүреді, сол қаржысы жымқырылған ауруханаларда емделеді",– деді Ермек Тұрсынов. 

Ал "Адалдық алаңы" офисінің өкілі Александр Братинковтың пікірінше, жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек.

"Жемқорлықпен мемлекеттік органдар ғана күресуі керек деген түсінік дұрыс емес. Онымен қоғам болып күресуіміз керек. Азаматтық қоғам жемқорлықпен күресте тек ұсыныс жасап қоймай, оған атсалысуы қажет. Тек сонда ғана жемқорлықты жеңе аламыз. Мегаполисте "Адалдық алаңы"  жобасы іске қосылған, онда сенім телефондары жұмыс істейді. Ал бастысы қаланың әр тұрғыны парақорлықпен күресте өз ұсынысын айта алады", – дейді Александр Братинков.

Сонымен қатар, форумға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілдері қатысуда.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу