Бізге есеп үшін ашылған, ұлттық ғылымды дамытуға қауқарсыз филиалдардың қажеті жоқ – Қасым-Жомарт Тоқаев

120

Қазақстанда жұмыс істейтін әр филиал жоғары білім саласындағы бәсекені арттыруға ықпал етуі керек. 

Бізге есеп үшін ашылған, ұлттық ғылымды дамытуға қауқарсыз филиалдардың қажеті жоқ – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын елімізде әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма бергенін еске салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Бұл Қазақстанға өте қажет. Осы бастама, ең алдымен, жастардың өз жерімізде сапалы білім алуына жол ашады. Біз сол арқылы еліміздің жоғары білім жүйесіне халықаралық бағдарламалар мен озық стандарттарды енгізе аламыз. Жалпы, осы уақыт ішінде ауқымды шаруа атқарылды, 33 университеттің филиалы ашылды. Оның ішінде Мәскеу инженерлік физика институты, Аризона университеті, Сорбонна, Лотарингия университеті, Кардифф университеті, Де Монтфорт университеті, Бейжің тіл және мәдениет университеті сияқты беделді жоғары оқу орындары, сондай-ақ Лу Бань шеберханасы бар. Бірақ бұл жұмыс әлемнің үздік университеттерімен серіктестік орнатумен аяқталмауы керек. Бізге есеп үшін ашылған, ұлттық ғылымды дамытуға қауқарсыз филиалдардың қажеті жоқ. Басты назар санда емес, сапада болуға тиіс. Қазақстанда жұмыс істейтін әр филиал жоғары білім саласындағы бәсекені арттыруға ықпал етуі керек. Осы мәселені мұқият зерделеу маңызды. Қазір еліміздегі шетел жоғары оқу орындарының филиалдарында білім алып жатқан студенттердің дені – мемлекеттік грант иелері. Елімізде жергілікті жоғары оқу орны мен шетелдік университеттерге берілетін мемлекеттік оқу гранттарының ақысында үлкен айырмашылық бар. Үкіметтің мәліметі бойынша, бір студентті оқыту үшін шетелдік филиалға бөлінетін мемлекеттік грант көлемі ұлттық мәртебесі бар университеттерге бөлінетін грант көлемінен бес есе артық. Мұндай жағдайда бәсекелестік туралы сөз айтудың өзі орынсыз болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет шетелдік жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік грант құнын қайта пысықтап, тиісті талдау жүргізгені жөн болады, – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу