Бизнеске әкімшілік жүктеме азаюы мүмкін

205

Қазақстандағы бизнес-ахуал жақсара түседі деп күтіліп отыр. 

Бизнеске әкімшілік жүктеме азаюы мүмкін Фото: elements.envato.com

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бас комитетке заңды екінші оқылымға әзірлеу тапсырылды.

"Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы белгілеген басты міндеттердің бірі – елімізде қолайлы бизнес-климатты қамтамасыз ету қажеттілігі. Қойылған міндетті іске асыруға әсер етуші қадамдардың бірі бүгін қарастырылып отырған заң екені сөзсіз. Бірінші кезекте кәсіпкерлік қызметті реттеу мен қорғаудың жаңа тетіктерін енгізуге бағытталудың арқасында. Заң мемлекеттік бақылау мен қадағалау форматын жетілдіреді, заңнамалық деңгейде жедел әрекет ету шаралары регламенттеледі", - деді сенатор Сүйіндік Алдашев.

Сөзінше, бұл шаралар шағын және орта бизнеске қатысты кезекті жазалау құралы болмауы тиіс.

"Заңның барлық маңыздылығына қарамастан, оның жекелеген нормалары депутаттық корпуста елеулі алаңдаушылық туғызатынын атап өткім келеді. Біріншіден, бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына төменгі және шекті бағаларды белгілеу тетігінің жойылуына байланысты. Жасыратыны жоқ, бұл шара жеткілікті деңгейде тиімді болмады және жергілікті атқарушы органдар мен халық тарапынан көптеген дау туғызды. Енді Үкімет шекті сауда үстемесін бақылауды күшейтуді ұсынады. Алайда, сауда үстемесінің қолдану тәртібі анықталмағандықтан бұл іс жүзінде қалай жүзеге асырылатыны түсініксіз болып отыр", - деп жалғастырды спикер Сенат отырысында.

Бұдан бөлек ол ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі бастамаға да назар аударды.

"2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ең көп үлесі немесе 37%-дан астамы сауда саласында қызметті жүзеге асырады. Сондықтан Үкіметке қолдаудың осы түрін көрсетудің нақты шарттарын, тетігі мен тәртібін айқындау маңызды деп санаймыз", - деді Сүйіндік Алдашев.

Заң нормаларымен отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде келісім жасасу шарттары түбегейлі өзгертіледі деп күтілуде.

"Енді мұндай келісімдер нақты қарсы міндеттемелерді белгілей отырып, ерікті емес, міндетті сипатқа ие болады. Бұдан басқа экспортты лицензиялау құралы енгізіледі, ол шикізатты әкетуден ішкі қажеттіліктердің басымдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді сенатор.

Заңды мақұлдау кезінде күтілетін нәтижелер: мемлекеттік бақылау және қадағалау нысандарын жаңа реттеушілік саясаттың негізгі қағидаттары мен тәсілдеріне сәйкес келтіру; кәсіпкерлік қызметті реттеу мен қорғаудың жаңа тетіктерін енгізу; бизнеске әкімшілік жүктемені азайту; тұтынушылар, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу