Батыс Қазақстан облысында 10 жасар баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоғарғы соттың хабарлауынша, бала туған сәтінен бастап қоғамға жат өмір салтын ұстанған, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланған анасымен бірге тұрған. Анасы қараусыз қалған үйді бөгде адамдардың тұрақты жиналатын орнына айналдырған.
"Бала ешқашан мектепке бармаған, оқу-жазуды білмеген, ал тамағы мен киімін қоқыс үйіндісінен тауып отырған. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның бастамасымен бала үш ай мерзімге арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Одан кейін, 2026 жылы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы және білім басқармасының бұйрығы негізінде бала отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа берілген. Анасы осы уақыт ішінде ұлына бір рет те келмеген, оның тағдырына немқұрайлы қараған", – делінген хабарламада.
Жауапкер сот отырыстарына шақырылғанына да қарамастан, оларға келмеген.
Сот талқылауына қатысқан психологтың қорытындысына сәйкес, баланың ауыр психологиялық жарақаты бар және анасына деген эмоционалдық байланысы толығымен жоғалған. Бала анасынан қатты қорқады, өйткені оның өзін қайтадан қоқыс үйіндісіне алып кетуінен қауіптенеді. Бала балалар ауылында тұрғанды ұнататынын, себебі мұнда таза төсек және жақсы тамақ бар екенін айтқан.
Анасы ата-ана құқықтарынан айырылды. Одан баланы асырауға алимент өндіріліп, олар баланың жеке депозиттік шотына аударылуға тиіс.
Сот шешімі заңды күшіне енді.