БҚО-да 12 өрт сөндіру бекеті құрылды

1042

Олар радиусы 20 шақырым аумақтағы 40-тан астам елдімекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. 

БҚО-да 12 өрт сөндіру бекеті құрылды Фото: egemen.kz

БҚО-да шалғай елдімекендерді өрттен қорғау мақсатында 12 өрт сөндіру бекеті құрылды. Олар радиусы 20 шақырым аумақтағы 40-тан астам елдімекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Бұл жөнінде БҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрлан Таубеков мәлімдеді, деп хабарлайды egemen.kz.

БҚО-да дала өрті жиі шығып, 10 мың гектардай жер күлге айналған еді. Биыл жаз басталғалы 3224 га дала, 80,7 га орман өртенді дейді төтеншеліктер. Биылғы қуаңшылық, мал азығының тапшылығы жағдайында аз өрттің де зардабы мол болғалы тұр.

"2018 жылы орман және дала өрттерінің алдын алу және жою үшін бірқатар іс-шара атқардық. Болуы мүмкін қатерді алдын ала жоспарлап, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өткізілді. Облыс аумағында ғарыштық мониторинг жүргізу үшін "Ғарыш сапары" ҰҚ АҚ-мен келісім-шарт жасадық, оған 6,5 млн теңге бөлінді. Трансшекаралық аумақтарда табиғи өрттерді жою Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігі шекаралық губернияларымен келісіп, бірлескен командалық-штабтық жаттығу өткізілді. Осының бәрі өзінің оң нәтижесін беріп жатыр", - дейді Нұрлан Таубеков.

Шалғай елдімекендерді өрттен қорғау бекеттері бүгінде Бөрлі ауданынының Өспен, Ақсу, Киров ауылдарында, Зеленов ауданының Үлкен шаған, Егіндібұлақ ауылдарында, сонымен қатар Теректі ауданының Аңқаты ауылында, Қазталов ауданының Болашақ ауылында, Сырым ауданының Тоғанас ауылында, Ақжайық ауданының Алғабас ауылында, Шыңғырлау ауданының Лубен ауылында, Тасқала ауданының 2-Шежін ауылында және Бөкейорда ауданының Ұялы ауылында құрылған.

Өңірде табиғи өрттің алдын-алу және сөндіру үшін қазіргі уақытта 150 ерікті өртке қарсы құралым құрылған. Ерікті құралымдар құрамында 2966 адам қызмет етеді. Оларға 9 автоцистерна, 448 басқа техника, 1701 аспалы өрт сөндіру құралы және 105 мотопомпа берілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу