БҚО-да Ақсай қаласын 68 млн теңгеге жарықтандырмақ болған

1048

Келісімшарт карантин кезінде және тікелей бір ғана компаниямен жасалыпты.

БҚО-да Ақсай қаласын 68 млн теңгеге жарықтандырмақ болған

Батыс Қазақстан облысында Ақсай қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерді жарықтандыруға биылғы мамыр-маусым айларында "Led_real" ЖШС-мен 68 млн теңгенің келісімшарты жасалыпты. Бір қызығы, қала әкімдігінің өзі ешкіммен ешқандай келісімшартқа отырмаған. Аталған серіктестікпен он екі ауылдық округ басшылығы ешқандай байқаусыз, тендерсіз келісімшарт жасасқан. Біріншіден, бір ғана мекемемен бұлайша тікелей келісу басқа потенциалды кәсіпкерлердің бақ сынап, қатысу мүмкіндігін дереу жоққа шығарған. Екіншіден, батыс өңірде қатаң карантин орнап, дәрі-дәрмек пен тыныс алу аппаратына дейін қат болып, қаражат жетпей жатқан кезде көшелерді аяқ асты осындай сомаға жарықтандырудың неге қажет бола қалғаны түсініксіз. Үшіншіден, келісімшарттардағы жарық қондырғыларының бағасы 3,25 млн теңгеден 7,74 млн теңгеге дейін құрайды. Мәселен, Ақсай қаласындағы көрсетілген №№4, 5, 10 ықшамаудандағы үйлердің алып жатқан аумағы да, көлемі де бірдей-ақ, бірақ, жарықтандыруға жергілікті бюджеттен бөлетін қаражаты әртүрлі. Белгілі болғандай, "Led_real" ЖШС-мен он екі ауылдық округпен жасалған келісімшарттарға екінші тараптан округ әкімі немесе әкім аппаратының жетекшісі қол қойып отырған. 

ҚР мемлекеттік сатып алу порталының мәліметтеріне сәйкес, "Led_real" ЖШС әртүрлі ұйымдармен жалпы сомасы 91 387 100 теңгеге 17 тікелей келісімшарт жасасқан. Оның құрылтайшысы Нұрхат Өтеубаевға тиесілі "Нұр-Мәди" жеке кәсіпкерлігі 2015 жылы Орал қалалық коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен Орал мұнай және газ колледжі тарапынан жауапсыз мердігер ретінде танылған болып шықты. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрдәулет Сәметтің айтуынша, құзырлы орган қазіргі күні мәселенің мән-жайын анықтауда.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу