Батыс Қазақстанда әскери қызметші баспанасыз қала жаздады

219

Жәнібек аудандық сотында тұрғын үйден мәжбүрлі түрде шығару туралы азаматтық іс қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

Батыс Қазақстанда әскери қызметші баспанасыз қала жаздады Фото: canva

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мекемесі пәтерді тексеру бойынша бірнеше рет рейд жасап, пәтер иесінің онда тұрмайтынын анықтап, басқа баспана берiлместен, тұрғын үйден мәжбүрлі түрде шығару туралы талапты қанағаттандыруды сұрады.

Алайда, сот отырысында анықталғандай, жауапкер 2024 жылдан бастап Абай облысындағы 10810-әскери бөлімінде барлау ротасының взводында авиакөздеуші ретінде қызмет етеді. 

Әскери қызметші тұрғын үй бойынша бережағы жоқ екенін, коммуналдық қызметтер үшін қарыз өтеліп, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлем төленгенін айтып, соттан талап арызды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Сот іс материалдарын зерделей келе, жауапкердің актілерде көрсетілген мерзімде тұрғылықты жері бойынша келмеуі оны үйінен шығаруға негіз бола алмайды деген қорытындыға келді.

Талап қоюшы ұсынған дәлелдемелерге сәйкес, 2024 жылғы ақпан, мамыр, шілде, тамыз айларында жалға алынған үйде жауапкердің болмауы туралы актілер жасалған.

Жауапкердің түсініктемелерінен оның 2024 жылдан бастап Абай облысында жұмыс жасайтыны белгілі болды, бұл дерек аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының бұйрығымен расталады.

– Заң талаптарына сәйкес, адам Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде не Қазақстан Республикасының қатысуымен одан тыс жерлерде құрылған қарулы күштер құрамында әскери қызметтен өткенде, қызмет мерзiм iшiнде және еңбек шарты бойынша немесе сайланбалы қызметке сайлануына байланысты жұмысқа кеткенде, бүкiл жұмыс iстеген уақыты iшiнде пәтері сақталады. Осылайша, жауапкерді мемлекеттік тұрғын үйден шығарудың заңды негіздерінің болмауына байланысты талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Шешім заңды күшіне енді, – деп хабарлады ведомстводан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу