БҚО-да бос жатқан жерлер кері қайтарылып жатыр

1281

Алған жерін пайдаланбаған 177 адамның аты-жөні БАҚ-тарда жарияланған.

БҚО-да бос жатқан жерлер кері қайтарылып жатыр

Көк шалғын мен орман-тоғайға бай Батыс Қазақстан облысында жердің көп бөлігін иемденіп алып, жаратпай отырғандар көп. Оларды мемлекет меншігіне кері қайтарып алу немесе жерге егіс егіп, мал бағып, шаруашылыққа жарататын адамдарға беру мақсатында біраз жұмыс жасалды. Ол үшін қазірге дейін 177 жер пайдаланушының есімі БАҚ арқылы жария етілген, осындай шарадан кейін оларға тиесілі 340 мың га жердің 70 мың гектары игеріле бастапты.  

Батыс Қазақстан облысының аумағы 15 миллион 133 мың гектарды құрайды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, облыстағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі  - 7 млн 269 мың га. 2019-2020 жылдар аралығында облыс бойынша қажетке жаратылмай отырған 911 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі анықталған. Мұның ішінен 116 мың га жерді пайдаланушылар өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды, оның ішінде, ауыл шаруашылығы айналымына 43 мың га қайта енгізіліпті. Қазіргі күні 465 мың га жерді игеріліп жатыр, ал қалған 330 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар  ешқандай әрекет жасамай отырған жер пайдаланушылардың әрқайсысымен жеке сөйлесіп, түсіндіру түрінде жүреді.

Сонымен қатар, түрлі байқау, аукцион нәтижесімен иесін тауып жатқан жерлер де бар. 2019 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді табыстау бойынша 43 конкурс өткізіліп, көлемі 391 мың га құрайтын 527 жер учаскесі табысталған. Биыл әзірге осындай мақсатта 45 конкурс өткізіліп, 504 мың га құрайтын 635 жер учаскесі берілген. Жыл соңына дейін жергілікті атқарушы органдармен 43 мың га құрайтын 43 жер учаскесін табыстау мақсатында 6 конкурс өткізу жоспарланған. 
Сондай-ақ, былтыр кәсіпкерлік мақсатындағы жер учаскелеріне жалдау құқығын сату бойынша 45 аукцион өткізіліп, 71 га болатын 118 жер учаскесіне жалдау құқығы 83 млн 377 мың теңгеге сатылыпты. 2020 жылы кәсіпкерлік мақсатындағы жер учаскелеріне жалдау құқығын сату бойынша 36 аукцион өткізіліп, нәтижесінде 153 млн 889 мың теңгеге 135 га құрайтын 117 жер учаскесіне жалдау құқығы сатылды. Осыған қоса 17 га құрайтын 24 жер учаскесі бойынша 3 аукцион өткізу жоспарланып отыр.

"Қазіргі таңда жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерін табыстау ерекше жағдайларды қоспағанда, сауда-саттық, яғни конкурс, аукцион өткізу арқылы жүзеге асырылады. Бұл механизм жерді табыстау барысында ашықтықты, бәсекелестікті, жемқорлық тәуекелдерін жоюды қамтамасыз етуге бағытталған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер конкурстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша жерді пайдаланудың неғұрлым қолайлы шарттарын ұсынған қатысушыға конкурс арқылы табысталса, елді мекен шегіндегі кәсіпкерлік мақсатындағы жер учаскелеріне жалдау құқығы ең жоғары баға ұсынған қатысушыға аукцион арқылы сатылады. Қазіргі таңда аукциондар gosreestr.kz сайтында электронды форматта өтуде", - дейді БҚО  жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев .

Бұдан бөлек, жыл басынан бері табиғи кендерді қазуға 11 лицензия берілген. Атап айтсақ, оның жетеуі құм, үшеуі саз, біреуі бор, тағы біреуі құрылыс жұмысына қиыршық тас өндіру үшін алынған.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу