БҚО-да елді мекендер ветпункттермен қамтыла бастады

1001

Ветеринарлар жайы да назардан тыс қалмақ емес.  

БҚО-да елді мекендер ветпункттермен қамтыла бастады

Батыс Қазақстан облысында ветеринариялық станциялардың материалдық техникалық базасын жаңарту және ветеринар дәрігерлердің еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар шаралар қолға алынбақ, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Атап айтқанда, облыстың елді мекендерін тегіс мал шаруашылығы бойынша іс-шараларды жүргізетін орындармен қамту, модульді ветеринарлық пункттер сатып алу, Бөкей ордасы ауданы бойынша ветеринариялық пункттерді газдандыру, Теректі ауданында пилоттық жоба ретінде ветеринариялық кешен салу көзделген. Жергілікті "Баталасу" ЖШС бір модульді ветпункттің бағасын 4,7 млн.теңгеге белгілеп отыр екен. Ал ветеринариялық кешен пункттен, жануарлардың салмағын өлшеп, басқа да процедуралар жүргізетін арнайы орыннан (РАСКОЛ), крематорийден тұрмақ.

Сала қызметкерлеріне байланысты да оң өзгерістер күтілуде.

"Биыл ветеринариялық станция мамандарының жалақылары 25 пайызға көтерілмек. Бұл 2021 жылы ауыл шаруашылығы жануарларынан қан алу бойынша бір манипуляция бағасының көтерілуінен мүмкін болып отыр. Сонымен қатар, ақпан айында "Батыс Қазақстан облысы ветеринария қызметі қызметкерлерінің кәсіподағы" бірлестігі 11 ветстансаның маманын, оның ішінде әр ауданнан бір-бір адамнан, наурыз айынан бастап  "Ақжайық" санаториясында емделуге бір апталық жолдама берді", - дейді БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов.

Айта кетейік, "Ауыл – Ел Бесігі" жобасы аясында Қазақстандағы елді мекендерді заманауй, қолайлы саналатын ветеринариялық пункттермен қамтамасыз ету жайы қолға алынуда. Осы мәселеге орай депутаттық сауалға жауап берген ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин жергілікті атқарушы органдар аудандарда 203 ветеринариялық станция, ауылдық округтерде 2 319 ветеринариялық пункт құрылғанын айтқан еді. Сондай-ақ, премьер-министр "Жергілікті атқару органдарының деректеріне сәйкес, аудандардағы ветеринарлық дәрігерлердің 3 122 штаты бар, оның ішінде 1 055 ветеринарлық маман (34,7%) және 2 067 қосалқы маман (65,3%) бар. Ауылдық округтердің ветеринарлық пункттерінде 10 485 штат бар, оның 9 459-ы ветеринарлық мамандар (91%)", - деген болатын.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу