БҚО-да игерілмеген жерлерді қайтарып алмақ

1036

Жерді пайдаланбай отырған адамдардың тізімі БАҚ-та жарияланып тұрады.

БҚО-да игерілмеген жерлерді қайтарып алмақ

БҚО-да ауылшаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда. Онсыз да егіс, дақыл егетін жер жетпей жатқанда әлдекімдердің оны гектарлап алып, не өзіне жаратпайтыны, не өзгеге қимайтыны облыс басшылығының да шамына тисе керек. Осы мақсатта қолға алынған өткір шараның бірі – латифундистердің аты-жөні мен жер аумағы жайлы тізімді жергілікті БАҚ беттерінде жариялау. Бір қызығы – облысқа қарасты шұрайлы жерлерден ойып алып қойып, игермей отырғандардың қатарында көршілес Атырау облысының да бірлі-жарым ауқатты адамы бар болып шықты.

"Облыста былтырдан бері 907,5 мың гектар игерілмеген жер анықталды. Жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде олардың иелері 113,3 мың га жерді кері қайтарды, 451,3 га жерді қаңтарып қоймай, мақсатты пайдалануға кірісті. Қазіргі күні нақты игерілмеген жер алаңы - 342,9 га", - деп нақтылайды  облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев. 

Белгілі болғандай, былтыр Батыс Қазақстан облысының геопорталы жасалып, оған ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың ғарыштық мониторингы енгізілген. Сол арқылы өкілетті органдар жер жағдайына талдау жасап, өзгерістер енгізе алады.

Сонымен қатар, облыс әкімі Ғали Есқалиев шабындық пен жайылымдық жерлерді жалға беруге де тиым салмақ. Кейбір жер иемденіп алған пысықайлар оған мынадай егіс ектік, мынадай жинадық деген жалған мәліметтерді көрсетіп, оның орнына жерін шөп шабуға, басқа да жұмыстарға жалға беретіні анықталған. Аймақ басшысы аудан, ауыл әкімдері бұл кәсіпкерлердің кімдер екенін жақсы біледі деген сенімде. 

"Бір мың гектар егістік жерден көзін тауып, жұмыс істеген жағдайда жүз миллион теңгеге жуық кіріс алуға болар еді. Облыс тұрғындары жыл сайын осындай табыс тауып, кемі ондаған адамды жұмыспен қамтамасыз етер еді", - деген Ғали Есқалиев тиісті мекемелерге алған жерін ұқсата алмай отырғандардың аты-жөнін халыққа жария етуді жалғастыра беруді тапсырды.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу