banner

БҚО-да құны 780 млн теңге болатын 3 жаңа жоба іске асырылады

853

Орал қаласында тұқы және бекіре тұқымдас балық түрлерін аулау қызметін көрсететін демалыс орны, өндірістік цех, "Pinguin" қысқы туризм және демалыс орны салынады.

БҚО-да құны 780 млн теңге болатын 3 жаңа жоба іске асырылады

БҚО-да қандай инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл туралы өңірдің инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша өңірлік кеңес отырысында айтылды.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетовтің мәлімдеуінше, 2019 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға инвестициялар көлемі 49 пайызға өсіп, 553 млрд теңгені құраған. Сыртқы инвестициялар көлемі 85 пайызға артып, 432 млрд теңгені құрайды. Негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлеміндегі сыртқы инвестициялардың үлесі – 78 пайыз.

"Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау және дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында мемлекеттік қолдау шаралары негізінде жалпы сомасы 135 млрд теңгеге 908 кәсіпкердің жобасы мақұлданды. Құрылыс сомасы 2,7 млрд теңге болатын 57 кәсіпкердің жобасына жетіспейтін инфрақұрылым тартылды. Қолға алынған жобалар аясында 28 мың жұмыс орны сақталып, 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. "Қарапайым заттар экономикасы" жобасы аясында жобалық кеңсе құрылып, жалпы сомасы 56 млрд. теңгеге 141 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 78 жоба мақұлданды", – деді Ернар Бекетов.  

Ол қаржылық қиындықтарға байланысты тұралап тұрған бірнеше кәсіпорынның жай-күйі туралы баяндап өтті. Өңірлік кеңес мүшелерінен олардың бос тұрған өндірістік учаскелерін инвесторларға ұсыну бойынша қолдау танытуын сұрады. 

Кеңеске қатысқан жоба инвесторлары жүргізіліп жатқан жұмыстар турасында әңгімелеп берді. Қолға алынған жобалардың қатарында Бөрлі ауданындағы асфальт-бетон зауыты, Бәйтерек ауданындағы жылыжай кешені, Орал қаласында халықаралық дәрежедегі заманауи қонақүйлер кешендерін, бірнеше мың басқа арналған бордақылау алаңдарын салу секілді ірі жобалар бар.

Сонымен қатар кеңес мүшелерінің назарына Орал қаласында тұқы және бекіре тұқымдас балық түрлерін аулау қызметін көрсететін демалыс орны мен өндірістік цех құрылысы жобасы және қала аумағында "Pinguin" қысқы туризм және демалыс орны құрылысы жобасы ұсынылды.

"Жалпы құны 780 млн теңге болатын 3 жаңа жобаны іске асыру негізгі капиталға инвестицияларды ұлғайтып, туризмнің дамуына ықпал етеді деп сенім артамын. Тиісті басқармалар мен мемлекеттік құрылымдарға аталмыш жобаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетуді тапсырамын", – деді жиынды қорытындылаған облыс басшысы Ғали Есқалиев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу