БҚО-да қымбатшылық құрылыс нысандарына әсер етті

1462

Тендердегі соманы қайта қарауға 17 компания өтінім берген.

БҚО-да қымбатшылық құрылыс нысандарына әсер етті

Батыс Қазақстан облысында Тәуелсіздік жылдарында "Болашақ-Т" ЖШС ірі панельді құрылымдар өндірісі, "СВ Плюс" ЖШС темір бетон бұйымдарын шығару, "KazContractionGroup" ЖШС қысымды полиэтилен құбырларын өндіру, "Орал Кабель" ЖШС кабель шығару, "Орал трансформатор зауыты" ЖШС трансформаторлар шығару сынды зауыттар салыныпты, 2020 жылдан бастап "3D-Cave" арқылы модельдерді 3d визуализациялау әдісімен BIM-технологиялар механизмдерін қолдана отырып жобалау әдісі енгізілген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев мұның барлығы ішкі нарықты отандық бәсекеге қабілетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мақсатында жасалған шаралар екенін айтпады. Соған қарамастан, соңғы екі жылда құрылыс материалдарының күрт көтеріліп кетуі салдарынан 17 құрылыс компаниясы қаржылық қиындықтарға тап болып, тендерлер бойынша сомаларды қайта қарауға өтінім берген. Салынып жатқан нысандардың ішінде, мердігерлер Казталовка және Тасқала елді мекендеріндегі екі дене шынықтыру кешенін бұрынғы сметамен аяқтай алмайтын болғандықтан, қайта тендер жарияланған. Басқалай әлеуметтік нысандар бойынша мердігерлер міндеткерліктерінен бас тартпапты. Дегенмен құрылыс нарығындағы қалыптасқан жағдай нысандардың бекітілген уақытынан кеш тапсырылуына ықпал етіп тұрғаны белгілі болды. Атап айтқанда, Ақсай қаласындағы 9 қабатты тұрғын үй мен Казталовкадағы 600 орындық мектеп бұған дейін белгіленгендей, 2021 жылдың соңында емес, 2022 жылы тапсырылуы тиіс. 

Айта кетейік, биыл өңірде әлеуметтік сала нысандарының құрылысына 6 731,7 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Соның ішінде, білім беру мекемелеріне баса көңіл аударылып отыр. 

"Қазіргі уақытта барлық қаржыландыру көздері есебінен облыс бойынша 10 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 2 мектеп республикалық бюджеттен берілетін субвенция есебінен, 4 мектеп "Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы" бағдарламасы шеңберінде, 2 мектеп жергілікті бюджет қаражаты есебінен, 2 мектеп жеке инвестициялар есебінен салынуда. Салынып жатқан нысандардың 4-еуі облыс орталығында, 6-уы облыс аудандарында орналасқан", – деді Әлібек Антазиев.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу