Денсаулық сақтау министрлігі Батыс Қазақстан облысында анықталған медициналық қалдықтарды заңсыз төгу фактісіне қатысты тергеу жұмыстарын ерекше бақылауда ұстап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Заң бұзушылық фактісі анықталғаннан кейін бірден санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, құқық қорғау органдары және экологиялық бөлімшелердің қатысуымен кешенді тексеру іс-шаралары ұйымдастырылды.
Жедел шаралар шеңберінде полиция қызметкерлерінің қатысуымен "Кемел" ЖК өкілдері жалпы көлемі 144 келіні құрайтын анықталған медициналық қалдықтарды жинауды жүзеге асырды.
Қоршаған ортаға және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға ықтимал әсерін бағалау мақсатында мамандар топырақтан сынамалар алды. Зертханалық зерттеулер микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша жүргізілуде. Сонымен қатар анықталған заң бұзушылық орны мен оған іргелес аумақта толық көлемде дезинфекция жасалды.
Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық қалдықтармен дұрыс жұмыс істемеу фактілері санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұзу ретінде қарастырылатыны және халық денсаулығына әлеуетті қауіп төндіретіні атап өтілді.
Тексеру материалдары құқықтық баға беру үшін уәкілетті органдарға жіберілді. Тергеу қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Зертханалық зерттеулердің алдын ала нәтижелері 3-7 күн ішінде белгілі болады деп күтілуде.