БҚО-да мемлекеттік қызметшілер былтыр арнайы қорға 228 мың теңгенің сыйлықтарын тапсырды

1135

БҚО-да мемлекеттік қызметшілер былтыр арнайы қорға 228 мың теңгенің сыйлықтарын тапсырды

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілер арнайы қорға өткен жылы 228 мың теңгенің сыйлықтарын тапсырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақовтың айтуынша, бұл алдыңғы жылғыдан едәуір көп. 2016 жылы арнайы қорға 68 700 теңгенің сыйлықтары тапсырылған болатын. Мемлекеттік қызметшілерге сыйлықты алуға және беруге тыйым салынғаны белгілі.

Оған қоса өткен жылы департамент 4 867 мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік желілердегі аккаунттарына мониторинг жүргізіп, соның 186-сынан Әдеп кодексі талаптарына қайшы келетін фотосуреттерді анықтады. Ұсынбалар нәтижесінде 48 мемлекеттік қызметші жазаға тартылып, әдепке қайшы фотосуреттер жойылды.

Мемлекеттік қызмет заңнамасының бұзылмауын бақылау аясында 53 тексеру жүргізіліп, соның барысында мемлекеттік қызмет заңнамасын және қызметтік этиканы бұзудың 731 фактісі анықталды. Әдеп жөніндегі кеңес ұсыныстарына сәйкес 28 лауазымды қызметкер тәртіптік жазаға тартылды.

Айта кетейік, биылғы 1 қаңтарға өңір бойынша 461 мемлекеттік орган қызмет атқаруда. Олардағы штат саны 4 423 болса, мемлекеттік қызметшілердің нақты саны - 4155. Бос орындар - 268. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу