БҚО-да мониторингтік топтың асыра сілтегені анықталды

841

Олар кәсіпкерлік нысандарының есігін бұзып кірген.  

БҚО-да мониторингтік топтың асыра сілтегені анықталды

Батыс Қазақстан облысында мониторингтік топтар жұмысы күшейтіліп, "Ashuq" қосымшасына қосылған кәсіпкерлер саны артуда. Соған қарамастан аталған топтардың "бас ал десе шаш алатын" әрекеттеріне де тосқауыл қойылып, шара алынып отыр, деп жазды inbusiness тілшісі.

Атап айтқанда, Орал қаласындағы Аслан Жармұханов жетекшілік ететін мониторингтік топ мүшелері "Астана" сауда үйіне жапсарлас орналасқан "Level" компьютерлік клубы мен "Лото" букмекерлік кеңсесінің есіктерін бұзып ашқан. Бұл жағдай облыстық кәсіпкерлер палатасында талқыланып, оның нәтижесі бойынша облыс прокуратурасы мониторингтік топтар қызметінің заңдылығына талдау жүргізеді. Құзырлы орган бұл әрекетті заңға қайшы деп бағалап, Аслан Жармұханов "қатаң сөгіс" түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі күні БҚО-да 578 кәсіпкерлік нысаны "Ashuq" мобильдік қосымшасына қосылған. Жүйе іске қосылғаннан бергі уақытта 36 мыңнан астам келуші тексерілген,  оның ішінде 1 маусым мен 1 шілде аралығында 93 "сары", 107 "қызыл" түс белгілерін көрсеткен.

Сондай-ақ, келушілерді қосымша арқылы кіргізбегені анықталған нысандар белгілі бір мерзімге "Ashuq" қосымшасынан аластатылып, осы уақыт ішінде берілетін артықшылықтарды (сенбі-жексенбі күндері жұмыс жасау, жұмыс күнін ұзарту) пайдалана алмайды. Ал мұндай заң бұзушылық бірнеше мәрте қайталанса, кәсіпкерлік нысаны қосымшаға мүлдем қосылмайды.

"Бекітілген ережеге сәйкес, әрбір екі апта сайын "Ashuq" қосымшасымен жұмыс жасайтын объектілерге мониторинг жасалынады, бүгінгі күні екі апта бұрын қосымшадан шығарылған 35 объекті "Ashuq" қосымшасына қайта қосылды. Ереже талаптарын орындамаған кәсіпкерлік объектілері 2 аптаға немесе 2 айға қосымшадан алынып тасталатын болады. Қосымшаны тиісті талаптарға сәйкес қолданып жүрген 22 объекті "белсенділер" тізіміне енгізілді", - дейді БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов.

Құралай Қуатова

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу