banner

БҚО-да санаторийге баратын мүгедектер саны азаюда

844

Себебі оларды апаратын жандарға жеңілдік қарастырылмаған.

БҚО-да санаторийге баратын мүгедектер саны азаюда

Соңғы жылдары емдеу орындарына квотамен баратын мүгедек ересектер мен балалардың саны азайып кетіпті. Себебі жүріс-тұрысы шектеулі адамдарға жеңілдік қарастырылғанымен оларды апарып, әкелуі тиіс жақындары барлық шығынды өз қалталарынан төлеуге тиіс. Батыс Қазақсстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мониторинг барысында осындай жайларды анықтап, өз ұсыныстарын берген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Белгілі болғандай, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы санаторлық-курорттық емдеу бойынша қызмет алатын 1 топтағы мүгедектер мен мүгедек балалардың саны жыл сайын қысқарып, квоталардың жалпы санының аз ғана бөлігін құрауға айналыпты. Себебі мүгедектер мен мүгедек балаларға санаторлық-курорттық емдеуді ұсыну ережелерінде оларды алып жүретін адамдарға шығыстар көзделмеген. 2019 жылы санаторлық-курорттық емдеу бойынша қызмет алған 971 адамның ішінде 1 топтағы мүгедектер саны – 111, ал мүгедек балалар саны - 7. Ал 2020 жылы 873 адам қызмет алған, оның ішінде 1 топтағы 85 ересек адам мен 3 бала бар. Былтырғы дерек бойынша өздігінен жүріп-тұра алмайтын, кісі көмегімен ғана қозғалатын 1 топтағы мүгедектер саны 1494 адамды құрағанын ескерсек, олардың басым бөлігі өздеріне тиесілі жеңілдікті пайдалана алмағаны анық көрінеді.

Расымен де, жүріп-тұру мүмкіндігі шектелген адамдар қасында қарап жүретін біреу болмаса санаторлық-курорттық емдеуге қалай бармақ? Бірге жүретін адамдардың көбінесе жол шығынын өздері көтеріп алуына жағдайы келмей жатады.  

"Бұл деректер қызмет көрсету және мүмкіндігі шектеулі адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшін кедергі болып тұр. Сол себепті, оны жою мақсатында облыс әкімдігіне бірінші топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларды алып жүрушілердің шығындарын өтеу үшін бюджеттен қажетті қаражат іздестіру қажеттігі туралы ұсыныс жіберу ұсынылды", - дейді БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет.

Бұдан бөлек, мекеменің мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізген мониторингі жыл басынан бері 795,3 млн теңге бюджет қаражаты үнемделгенін көрсеткен. Сондай-ақ, биыл әзірге екі адам сыбайлас жемқорлық дерегін хабарлағаны үшін 350 040 теңге көлемінде ынталандыру қаржысын иемденіпті. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу