БҚО мектебінде үш жыл бойы тиесілі төлемдер аударылмай келген

863

Қызметкерлер оның зардабын тартып отыр. 

БҚО мектебінде үш жыл бойы тиесілі төлемдер аударылмай келген

БҚО Теректі ауданы Федоровка ауылындағы №2 балалар саз мектебінің қызметкерлері директор мен бас есепшінің "бармақ басты, көз қысты" әрекетінің кесірінен зардап шегіп отыр. Белгілі болғандай, саз мектебінің басшысы Айдана Дәулетова мен бас есепші Алексей Бердников қызметкерлердің жалақысынан ай сайын аударылуға тиіс зейнетақы, жеке еңбек салығы, медициналық сақтандыру сияқты түрлі төлемдерді үш жыл бойына аудармай келген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Заңсыз әрекет науқастанып жүрген кей мұғалімдер емделмек болған кезде алдарынан шыққан. Олар медсақтандыру жарнасын төлеуді сұрап, шу шығарғаннан кейін талабы орындалған. Дегенмен, бір топ қызметкер аудандық білім беру бөлімінен бастап, облыстық қаржы полициясына дейін шағымданып, қазіргі күні аталған іске байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. 

Білім мекемесіне ақпан айында жүргізілген аудит үш жыл бойы міндетті төлемдер аударылмай келгенін, ал 26,6 млн теңгенің 4 млн теңгеден астам сомасы негізсіз жұмсалғанын анықтаған. Ал қалған 22,3 млн теңгені бас есепші Алексей Бердников өзінің есепшотына аударған да, оның 8 млн 260 мыңын 2020 жылғы желтоқсан айының соңында қайтарған. Оның мойнында әлі де қайтарылуға тиіс 14 млн теңге бар екен. 

"Біз барлық анықталған деректерді Теректі аудандық прокуратурасына бердік", дейді БҚО ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қайролла Нұрмұқанов.

Қазіргі күні бас есепші жұмыстан шеттетіліп, директор орнында отыр. Оны мектеп сайтынан да көруге болады. Ал педагогтар қауымы басшының осындай заң бұзушылықтар әшкере болғанына қарамастан қызметінде отырғанына наразы.

Сондай-ақ, олар тергеу нәтижесі шыққанша, қаржылық операциялар жасалмайтындықтан уақытылы ем-домдарын да ала алмауда.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу