Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген автокөліктер сатылымға шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақпарат e-qazyna.kz веб-порталында пайда болды. Сауда-саттықты өткізу 7 шілде күні сағат 10:00-ге жоспарланып отыр.
Сатылымға 2025 жылғы "Hyundai Elantra" маркалы 8 автокөлік шығарылған. Әр автокөліктің бағалау құны 8,395 миллион теңге делінген. Олардың барлығы "ZHANA BUSINESS" ЖШС-ге тіркелген.
Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, бұл компанияның басшысы ретінде Эльмира Төлегенова аталған.
Сауда-саттыққа тек құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарды және Қазақстан Республикасы Президентінің, мемлекеттік саяси қызметшілердің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, мемлекеттік органдар мен олардың аппараты қызметкерлерінің қызметін қамтамасыз ететін органдары өтінім бере алады.
Айта кету керек, бұған дейін сәуір айында атышулы блогерлер Жанабыловтар сотталғанын жазғанбыз.