Екібастұз қаласында еліміздегі ірі көмір кеніштерінің бірі – "Богатырь Көмір" кәсіпорнында тағы да оқыс оқиға орын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, қайғылы жайт 28 қаңтар күні "Молодежная" станциясында орын алған.
Кәсіпорын қызметкері суаратын қондырғыға дизель отынын құю кезінде жарақат алды. Сағат 16.35-те 1982 жылы туған азамат ауыр жағдайда Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
"Медициналық қызметкерлер шұғыл түрде ер адамның өмірін аман алып қалу үшін барлық шараны жасады. Алайда алған жарақаттардың ауыр болуы салдарынан науқас 29 қаңтар күні сағат 00.35-те қайтыс болды", – деді дәрігерлер.
"Богатырь Көмір" ЖШС марқұмның туған-туыстарына көңіл айта отырып, оларға барлық көмек пен қолдау көрсетілеріне уәде берді. Ал аталмыш жағдайға байланысты мемлекеттік құзырлы орган өкілдері арнайы тексеріс жұмыстарын бастады.
Өкінішке қарай, бұл көмір кенішінде мұндай қайғылы жайттар жиі орын алатын болды. Өткен жылдың тамыз айында 42 жастағы машинист жоғары вольтты электр тоғы салдарынан жұмыс орнында қайтыс болды. Сол айда 32 жастағы слесарь биіктіктен құлады. Абырой болғанда, аман қалды. Дегенмен, әлі күнге дейін ем-дом қабылдауда. Қараша айында 30 жастағы тағы бір қызметкер экскаваторды ауыстырып қосу орнына жалғау кезінде жарақат алып, соның салдарынан қайтыс болды.