Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды

638

Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында - қос күміс.  

Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды Фото: khabar24.kz

Үндістанның Нью-Дели қаласындағы байрақты бәсекеге бұл жолы 60 елден 300-ден аса спортшы жиналды, деп жазады inbusiness.kz "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Олардың арасында 12 қазақстандық спортшы бар. Оның тең жартысы жартылай финалға жолдама алып, бокс жанкүйерлерін қуантқан еді. Алайда, ешқайсы алтынға қол жеткізе алмады. Әсіресе, жеңіл салмақта жұдырықтасқан (57 келі) Карина Ибрагимовадан үміт зор болды. Ол іріктеу сындарында азулы деген қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, сенсациялық жетістікке жетті. Бірақ, финалда италиялық Ирма Тестадан ұтылды. Жекпе-жек салыстырмалы түрде тең дәрежеде өтті. Алайда,  төрешілер бірауыздан италиялық боксшыға жеңісті берді.

"Жекпе-жек алдында арнайы жоспар құрдық және оны бұлжытпай орындап шықтым. Әркімнің көзқарасы әрқалай. Біреулер ұттың дейді, біреулер ұтылдың дейді. Кездесуден кейін қолымды көтермеді. Сондықтан, жеңілгенім анық. Бірақ, бұнымен тоқтамаймыз. Алда әлі біраз жарыс бар. Соған дұрыстап дайындалу қажет", - деді Карина Ибрагимова жекпе-жектен соң өз ойымен бөлісіп.

Артынша тағы бір қазақстандық Ләззат Күнгейбаева да финалда жұдырықтасты. Ол соңғы сында марокколық Хадиджа Эль-Мардиден жеңілді. Айта кету керек, Ләззат осымен үшінші рет әлем чемпионатының финалына шығып тұр. 2016 жылы жеңімпаз атанған еді. Бірақ,сол жетістігін қайталап, екі дүркін әлем чемпионы болсам деген арманы орындалмады. Осылайша ұлттық құрама қоржыны 2 күміспен ғана толықты.

Бұған қоса, 4 қола жүлдеміз бар. Атап айтқанда, Алуа Балқыбекова, Надежда Рябец, Валентина Хальзова және Фариза Шолтай өз салмақтарында үздік үштікті түйіндеді. Осының арқасында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады.

Топ басында 4 алтыны бар Үндістан құрамасы болса, алдыңғы үштікке Қытай мен Ресей бокшылары кірді.

Айта кетейік, түрлі шектеулерге қарамастан дәл осы Ресей және Беларусь құрамалары дүниежүзілік додаға толыққанды қатысуға мүмкіндік алды. Халықаралық бокс федерациясының осы шешіміне Америка мен Еуропа елдері қарсы шығып, жарысқа мүлде келмей қойды.

Бұған қоса, биыл жеңімпаздарға берілетін сыйақы да артты. Мәселен, бірінші орынға 100 мың, екінші және үшінші орындарға, сәйкесінше, 50 және 25 мың АҚШ долларынан қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу