Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек "Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберінде қаражатты қайтару тетігіне қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Болашақ" халықаралық стипендиясы 1993 жылғы 5 қарашада талантты жастарды жетекші шетелдік білім беру ұйымдарында оқыту арқылы жоғары білікті кадрлар даярлау және мемлекеттің бәсекеге қабілетті кадрлық әлеуетін қалыптастыру мақсатында құрылған.
Ведомство басшысы Саясат Нұрбектің айтуынша, 2010 жылға дейін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың) мөлшері нақты жұмсалған қаражаттың 25 пайызын құраған. Бұл өз кезегінде
қатысушылар тарапынан бірқатар негізді өтініштердің туындауына себеп болды. Осыған байланысты 2010 жылдан бастап тұрақсыздық айыбының мөлшері нақты жұмсалған шығыстар сомасының 10 пайызына дейін төмендетілді.
"Орталықтың аталған тетікті қолдану тәжірибесі оның тиімділігін көрсетеді. 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін бюджет кірісіне 14,5 млрд теңге қайтарылған. Оның ішінде республикалық бюджетке 2024 жылы – 2 492 408 124,89 теңге, 2025 жылы – 2 290 528 197,48 теңге, ал 2026 жылдың І тоқсанында – 378 515 499,33 теңге қайтарылды", – делінген жауапта.
Белгілі болғандай, қолданыстағы құқықтық реттеу бюджет қаражатының қайтарылуын қамтамасыз ететін жеткілікті әрі тиімді жұмыс істейтін құралдарды қамтиды.
"Сонымен қатар Министрлік тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың) көлемін арттыру туралы ұсынысты қаржылық жауапкершілік тетіктерін одан әрі жетілдіру тұрғысынан орынды екенін атап өтеді. Сондай-ақ аталған бастаманы іске асыру мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды тарта отырып, жауапкершіліктің, құқықтық айқындықтың, сондай-ақ жария әрі жеке мүдделердің теңгерімділігі ескерілген жан-жақты және кешенді талдауды талап етеді", – деді министр.
Саясат Нұрбек аталған мәселе белгіленген тәртіппен пысықталатынын жеткізді.