2026 жылғы 14 ақпан күні сағат 13:30 шамасында республикалық маңызы бар Үшарал – Достық – ҚХР шекарасы автожолының 98-шақырымында, Көктума елді мекені маңында, 5 жеңіл автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Апат салдарынан 6 адам түрлі дәрежедегі жарақат алып, Алакөл аудандық ауруханасына жеткізілді.
Оқиға болған уақытта аталған жол учаскесі қолайсыз ауа райына – боран, қатты жел және нөлдік көрінуге байланысты – барлық көлік түрлері үшін ресми түрде жабық болған. Қозғалысқа шектеу 2026 жылғы 13 ақпан күні сағат 12:00-де енгізіліп, синоптиктер болжамына сәйкес жолды 17 ақпан күні сағат 09:00-де ашу жоспарланған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бір бағытта қозғалған автокөліктер бір-бірімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасына қатысушылар полиция бекеттерін және енгізілген тыйымды елемей, далалық айналма жолмен жүріп, жабық республикалық автожолға шығып кеткен.
Сонымен қатар апаттық-құтқару жұмыстары барысында жол қызметкерлері қар құрсауында қалған 12 автокөлікті шығарып, 9 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады.
Осы ретте ҚазАвтоЖол өкілдері жүргізушілерге үндеу жасады:
енгізілген қозғалыс шектеулерін қатаң сақтауға;
жабық жол учаскелерін бейресми және далалық айналма жолдармен айналып өтпеуге;
жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайы туралы ақпаратты нақтылауға;
боран мен қатты жел кезінде алыс сапардан бас тартуға шақырады.
Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік талаптарын елемеу адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.